ШАҺАРДЫҢ БАС ЖОСПАРЫ ШІЛДЕДЕ ҮКІМЕТТІҢ БЕКІТУІНЕ ТАПСЫРЫЛАДЫ

284

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үшінші мегаполисінің даму қажеттіліктері мен алдағы уақыттағы әлеуеттерін ескере отырып, қаланың бас жоспарын жаңарту бойынша тапсырма берген. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, 2022 жылы Шымкенттің жаңа бас жоспарын құру жұмысының 95 пайызы аяқталды.

Атап айтқанда 116 280 гектар үлкен аумаққа заманауи топографиялық карта жасалып, 25 қабаттан тұратын векторлық форматқа түсірілді. Қаладағы қазіргі баспана қорының жағдайына барлық сипаттама бойынша терең талдау жасалды, 275 жер-кадастрлық учаске бойынша халықтың қоныстануы, әлеуметтік мәдениет нысандары және басқа да көрсеткіштер зерттелді. Шаһардың басты көлік күретамырын құрайтын негізгі көшелер мен жолдардың сызбасы әзірленді.

Жаңа бас жоспардың жобасы көпшілікке таныстырылып, алғаш рет 1 айдан астам уақыт қоғамдық талқылаулар өткізілді. Көрмеге 2000-нан астам тұрғын келіп, 149 ұсыныс түсті.

Шымкенттің бас жоспарының негізгі ерекшелігінің бірі – қаланың полиорталығын дамыту. Яғни, қаладағы әр әкімшілік аудан, соның ішінде жаңа, бесінші аудан да өз орталығымен, саябақтарымен, бүкіл әлеуметтік инфрақұрылымымен өзін-өзі қамтамасыз ете отырып, өздігінен дамитын болады. Тұрғын аудандар үшін барлық қажеттілік жаяу жететіндей жерде болуы тиіс.

Бас жоспар аясында қаланың геоақпараттық жүйесі әзірленуде. Ол 16 мемлекеттік қызмет пен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесін қамтиды. Яғни, инфрақұрылым жүйелері цифрландырылады.

Жаңа бас жоспарға сәйкес, Шымкент 2035 жылға дейін бәсекеге қабілетті, экономикасы мен инженерлік, көлік-логистикалық инфрақұрылымы тиісті дәрежеде дамыған агломерация орталығына және республикадағы ірі тарихи-мәдени, әрі өндірістік орталықтың біріне айналады.

Жоспар бойынша биылғы наурыз-маусым айларында Шымкенттің бас жоспары қала әкімдігі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінен құралған комиссияның сараптамасынан өтеді деп күтілуде. Одан кейін құжат қалалық мәслихаттың мақұлдауына жіберіледі. Ал шілде айының соңына дейін Шымкенттің бас жоспары ҚР Үкіметінің бекітуіне тапсырылмақ.
«Шымкент келбеті»