«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: КОМИССИЯ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

129

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы партияның 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында көзделген міндеттердің орындалу барысын қадағалау мақсатында «**Сайрам» қосалқы мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешенінде салынудағы 300 орындық жатақхананың құрылыс жұмысымен танысты. Бұл жобаның жүзеге асырылуы, партияның әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бастамаларының бірі болып табылады.

Жұмысшы топтың құрамында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, қалалық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов және комиссия мүшелері мен партияның аудандық филиалдарының қызметкерлері болды.

Аталған нысанның құрылысы биыл көктемде басталған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда, нысанды аралап, жұмыс барысымен танысқан комиссия өкілдері құрылыс қарқынының баяу екенін сынға алды. Комиссия мүшелері аталған жобаның мерзімінде аяқталуын қадағалауға ерекше назар аударды.

— Жұмыстың қарқыны өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, нысан белгіленген мерзімде аяқталмай қалуы мүмкін. Бұл — «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жоба. Яғни, бұл жұмыс партияның және халықтың бақылауында. Сондықтан мердігер мекеме жұмыскерлер санын көбейтіп, құрылысты шұғыл қарқынмен жүргізуі қажет, — деді комиссия төрағасы Ғани Ташқараев.

Мекеме өкілдеріне берілген тапсырмалар аясында жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуын қамтамасыз ету үшін құрылыс сапасын бақылау күшейтілетін болады. Құрылысқа жауапты тұлғаларға нақты нұсқаулар беріліп, жұмысты жеделдету қажеттілігі айтылды.

Комиссия мүшелері мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, алдағы уақытта аталған нысанға қайта тексеру жүргізілетінін және орын алған кемшіліктердің жойылуын талап ететінін ескертті. Бұл қадамдардың мақсаты – құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне барынша бақылау жасау.

«AMANAT» партиясының бұл бақылау жұмыстары, партияның халыққа берген уәделерінің сапалы орындалуына деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. Алдағы уақытта да партияның бақылауымен осындай жобалардың уақытында және сапалы жүзеге асуы қатаң қадағаланады.