А.КӨЛГІНОВ ШЫМКЕНТТЕГІ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫНДА БОЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

846
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Шымкент қаласына жасаған сапарында Президент тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Вице-премьер «Оқушылар сарайының» құрылыс барысын қарады. Әкімдіктің мәліметінше, ғимаратта шағын футболға, волейболға, баскетболға, воркаутқа арналған алаңдар бар. Онда 2 мың оқушы түрлі үйірмелерге қатыса алады. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Бүгінде Шымкент сити аумағында “Конгресс-Холл” ғимараты салынып жатыр. Бұл үшінші мегаполистің мәдениетін көтеруде маңызды орталықтардың бірі болмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте алдағы уақытта тағы да бір “Оқушылар сарайы” бой көтереді. Онда да шәкірттерге қосымша білім беріліп, түрлі үйірмелер ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар “Опера және балет театры” салынады.
Жұмыс сапары барысында А.Көлгінов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында Шымкентте салынатын 25 мектептің жоспарымен танысып, пандемия кезінде іске қосылған инфекциялық ауруханада болды.
Бүгінде мемлекеттік органдар алдында Президент бастамасымен қолға алынған ұлттық жобаларды сапалы жүзеге асыру және әлеуметтік жобалардың құрылысын уақтылы аяқтау міндеті қойылып отыр. Бұл мәселелер Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.