ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ №108 МЕКТЕПТЕГІ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫН БАҒАМДАДЫ

132

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің орындалуын бақылау мақсатында Партиялық бақылау комиссиясы Шымкент қаласындағы №108 Хамза атындағы жалпы орта мектептің құрылыс жұмыстарын зерделеді. Бұл шараның басты мақсаты – партияның сайлауалды бағдарламасында айтылған әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бағамдау және олардың уақытында орындалуын қамтамасыз ету.

Аталған шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, қалалық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов және комиссия мүшелері мен аудандық филиал қызметкерлері қатысты. Бұл топтың құрамында құрылыс саласындағы мамандар мен партияның белсенді қызметкерлері болды.

Биылғы наурыз айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 90 пайызға аяқталған. Жоба бойынша жалпы ауданы 2,2 мың шаршы метрден асатын екі қабатты жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл мектептің құрылысы «AMANAT» партиясының халыққа берген уәделерінің орындалуына нақты бір қадам болып табылады.

Мектептің іші-сыртын аралап шыққан жұмысшы топ құрылыс барысына оң баға берді. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері ғимараттың сапасы мен құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкес келуін жоғары бағалады.

— Бұл – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан нақты жұмыс. Демек, бұл – халыққа берілген уәденің орындалуы. Мердігер мекеме өз міндетін тиянақты атқарыпты. Ендігі міндет – жаңа оқу жылына дейін мектепті оқушыларды қабылдауға толық дайын күйде тапсыру, — деді Қайрат Имашев.

Құрылыс барысындағы кемшіліктер мен кейінге қалдырылған жұмыс жоспарлары болмағаны байқалып, мектеп ғимаратының қазіргі жағдайы партияның сайлауалды уәделерімен толық сәйкес келіп отыр.

Партиялық бақылау комиссиясы алдағы уақытта да осындай бақылау жұмыстарын жалғастыра бермек. Мақсат – сайлауалды уәделердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету. Бұл шаралар партияның халық алдында алған жауапкершілігін айқындай түсіп, әлеуметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді.