«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: МЕКТЕПТЕРГЕ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛДІ

156

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бастаған жұмысшы топ, қаладағы бірқатар білім беру мекемелерін аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысын зерделеді. Бұл тексерудің басты мақсаты – мектептердің оқу жылына дайындық деңгейін анықтап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.

Жұмысшы топ құрамында филиал төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық партия филиалының төрағасы Таймас Қамбатыров және қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев болды. Олар №117 және №118 жалпы орта мектептерінің оқу кабинеттерін, техникалық жағдайын және инфрақұрылымын толық тексеріп, оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлді.

Тексеріс барысында мектептердегі құқық қорғау және күзет жүйесінің жұмысын да қарап шықты. Жедел дабыл беру құрылғылары сыналды, сондай-ақ қауіп төнген жағдайда күзет қызметінің келу уақыты есептелді. Мұрат Жолдыхожаев, күзет мамандарының кәсіби деңгейіне назар аударып, оларға жоғары жауапкершілік пен жедел әрекет ету қажеттігін атап өтті.

– «Шақыртылған жерге дер кезінде жетіп, тиісті көмекті көрсету үшін техникалық база заманауи әрі сапалы болу керек. Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда», – деп атап өтті Мұрат Жолдыхожаев.

Сонымен қатар, тексеріс кезінде білім мекемелеріндегі өрт қауіпсіздігі құралдарының мерзімі өтіп кеткені анықталып, бұл мәселе қатты сынға алынды. Өрт сөндіру құралдарының уақытылы ауыстырылмауы балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты, жұмысшы топ мектеп басшылығына барлық кемшіліктерді жаңа оқу жылы басталғанға дейін жоюды тапсырды.

Құрылыс жұмыстары мен жөндеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Қоршау құрылымдары, санитарлық жағдайлар мен оқу орындарының жай-күйі қосымша тексерілді. Мұндай тексерулер арқылы «AMANAT» партиясы білім беру мекемелерінің жұмысына жіті көңіл бөлуде, алдағы оқу жылында оқушыларға қауіпсіз, жайлы, заманауи орта ұсынуды басты міндет ретінде көреді.

Жалпы, мұндай тексерулердің алдағы уақытта да жалғасатыны және білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселелеріне партияның үлкен назар аударатыны атап өтілді. «AMANAT» партиясы білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуын қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отыр.