«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЖАҢАДАН ТӨРАҒА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

119
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы мен «Аймақтық даму» өңірлік кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Жиынға партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, «Жер аманаты» комиссиясының жаңадан тағайындалған төрағасы Гүлайым Шунгараева, Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдіразақов, сондай-ақ қос құрылымның мүшелері қатысты.
Отырыста алдымен Ербол Байқонысов комиссия төрағалығына партия филиалы Саяси кеңес бюросының шешімімен жаңадан тағайындалған Гүлайым Шунгараеваны ресми түрде таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Жиын барысында екі негізгі мәселе қаралды. Біріншісі – 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Шымкент қаласы аумағындағы заңсыз берілген және игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында атқарылған жұмыстар. Екіншісі – қаладағы резонанстық жер мәселелерін талқылау болды.
Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдіразақов өз баяндамасында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері 187 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 115 әкімшілік іс қозғалып, 12,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, бұл қаржы ерікті түрде өндірілген.
– 2025 жылы игерілмеген, жалпы алаңы 91 гектар жер учаскесіне қатысты 23 нұсқама табысталды. Олардың орындалу мерзімі 2026 жылы басталады. Сонымен қатар, 2024 жылы кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмаған жер телімдеріне қатысты берілген нұсқамалар негізінде 10 еселенген салық салынып, мемлекет қазынасына 81 575 592 теңге түсті, – деді Нұрлан Әбдіразақов.
Отырыс барысында комиссия мүшелері өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Сондай-ақ резонанстық жағдайларға байланысты азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Барлық ұсыныстар мен шешімдер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
Жиынды қорытындылаған Гүлайым Шунгараева қатысушыларды көтерілген мәселелерді мұқият зерделеп, олардың шешімін табуға белсенді атсалысуға шақырды.