ШЫМКЕНТТЕ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

67
Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда еліміздің бірлігін нығайту, ұрпақ тәрбиесін қалыптастыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл маңызды шараға қаланың түрлі салаларынан сарапшылар мен тәжірибелі мамандар қатысты.

Кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиев жиынды ашып, алдыңғы буынның ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның сөзінде, ақсақалдар кеңесінің мүшелері тәжірибесін ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдаланып, қоғамның тұрақтылығы мен дамуына ықпал етуі керектігі айтылды. Орынбай Рахманбердиев елдегі әрбір азаматтың, әсіресе жастардың ұлттық құндылықтарды құрметтеп, олардың қоғамда белсенді рөл атқаруына шақырды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша білім саласының ардагері Нұрғали Байғұт жастарды адалдық, әділеттілік және патриотизм рухында тәрбиелеу қажеттілігі туралы баяндады. Ол әрбір ұрпақтың өз еліне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін сезінуі керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Шамшыбек Мырзахметов «Адал Азамат» жобасы туралы айтып, азаматтық жауапкершілікті арттыру жолдарын қарастырды.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманғали Байдаулетов әлеуметтік кеселдермен күресіп, жастар арасында «Салауатты сана» қағидаларын қалыптастыру керектігін айтты. Ол еліміздің әр азаматының денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту үшін бірлескен жұмыс жүргізу қажеттілігіне тоқталды.

Сонымен қатар, тоғызқұмалақ федерациясының президенті Айтқали Толықбаев ұлттық ойынды жастар арасында дамыту мен кеңінен насихаттау жолдарын айтып, оның жастарға рухани және интеллектуалды дамуға ықпал ететіндігі туралы пікір білдірді.

Отырыста Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Айгерім Жұмағұлова да сөз алып, Ақсақалдар кеңесімен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Ол ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және бірлік жайында ауқымды жобаларды іске асыру жоспары туралы баяндады. Сонымен қатар, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің ұсынысы бойынша А.Халназаров кеңес құрамына қабылданды.

Іс-шараға қала аумағындағы мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Бұл жиынның қорытындысында қатысушылар ел бірлігін нығайту, жас ұрпақты отаншылдық рухында тәрбиелеу, ұлттық ойындарды жас буын арасында дәріптеу бағытында бірлескен жұмыстарды жүйелі жалғастыруға уағдаласты. Олардың айтуынша, тек бірлескен күш-жігермен ғана ұрпаққа береке мен бақытты болашақ қалдыруға болады.