«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: МАМАНДАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ТЫҢДАУ ҮШІН ТҰРАНҒА БАРДЫ

69

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран тұрғын алабында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Мұндай қабылдаулар тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселесін көзбе-көз тыңдауға және нақты шешім ұсынуға мүмкіндік береді.

Іс-шараға партияның қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудандық әкімдік өкілдері, заңгерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Олар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түйткілді жағдайларды шешу жолдарын қарастырды. Әрбір маман өз құзыреті шегінде нақты жауаптар беріп, тұрғындарға заң аясында бағыт-бағдар көрсетті.

Қабылдауға келген тұрғындар негізінен инфрақұрылым мен қоғамдық көліктерге қатысты өтініштерін білдірді. Кейбір азаматтар жол сапасы мен қоғамдық көліктердің жетіспеушілігін, аялдамалардың жағдайын көтерсе, басқалары жарық, су, кәріз жүйесі сияқты өмірлік маңызы бар мәселелерге тоқталды. Барлық ұсыныс пен талаптар хаттамаға енгізіліп, жауапты сала мамандарының бақылауына алынды. Кейбір мәселелер сол жерде жедел шешілсе, бірқатары бақылауға алынып, кезең-кезеңімен орындалатыны айтылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 249 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 1973 азаматтың өтініші тыңдалған. Оның 69 пайызы оң шешімін тапса, қалғанына заң аясында түсінік берілген. Бұл – партияның халықпен жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанының нақты дәлелі. Сондай-ақ, жалпы партияның қалалық және аудандық филиалдарына 7830 жеке шағым түскен, оның 81 пайызы қанағаттандырылған. Мұндай қабылдаулар азаматтардың сенімін арттырып, мемлекеттік органдардың ашық әрі қолжетімді болуына жол ашуда.