ЫНТЫМАҚ ПЕН ӨЗАРА ҚҰРМЕТ – ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ

76

Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағынауданында тұрғындармен кездесу өтті. Ашық форматта өткен бұл жиын жергілікті халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың пікірін тыңдау арқылы қоғамда татулық пен тұрақтылықты нығайтуды көздеді. Жиынның басты мақсаты – ел бірлігін, қоғамдық келісім мен татулықтың қоғам үшін маңызын түсіндіру болды.
Бірлік пен келісім – ел дамуының негізгі шарттарының бірі. Сол себепті мұндай кездесулер азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.

Кездесуге Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, Абай ауданы әкімі аппаратының мәдени даму, спорт және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Венера Пернекулова, ауыл биі Өскенбай Сегізбай, учаскелік полиция капитаны Роза Аблаева, сондай-ақ Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Алихан Шамуратов қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Олар қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы бірлескен әрекеттердің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, ұлттық дәстүр мен рухани тәрбие, үлкенді сыйлау, отансүйгіштік секілді қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіру қажеттілігі жайлы да ой қозғады.

Жиында жалпыұлттық бірлік пен этносаралық татулықты сақтау, жастар тәрбиесі, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, деструктивті діни ағымдардың зияны сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, отбасы құндылықтарын насихаттау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды ұлттық дәстүрлердің бүгінгі қоғамдағы орны жайлы да мазмұнды пікірлер айтылды.
Қатысушылар әсіресе жастардың тәрбиесі мен ақпараттық қауіпсіздік тақырыбына ерекше назар аударды. Себебі қазіргі заманда әлеуметтік желі арқылы түрлі идеологиялық ағымдардың ықпалы күшейіп отыр.

Кездесу соңында тұрғындар өз сауалдарын қойып, мамандар тарапынан нақты жауаптар алды. Қатысушылар мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұруы қажет екенін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Тұрғындар бұл кездесудің өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік бергенін, әрі мамандармен бетпе-бет пікір алмасудың маңызды екенін атап өтті.