Халықпен ашық әрі тікелей диалог орнату – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Абзал Зейнетаев тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдау партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, әлеуметтік тұрғыдан өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында азаматтар негізінен әлеуметтік сипаттағы мәселелерді алға тартты. Солардың бірі – зейнеткерлік жастағы, жалғыз тұратын қала тұрғыны күнкөріс деңгейінің төмендігін айтып, материалдық көмек сұрады. Оның жағдайын мұқият тыңдаған депутат Абзал Зейнетаев мәселені назардан тыс қалдырмай, жеке қаражаты есебінен бір реттік қаржылай көмек көрсетті.
Тағы бір өзекті мәселе – электр энергиясы үшін келетін түбіртектердегі төлемдердің негізсіз жоғары болуы. Бірқатар тұрғындар осыған шағымдана отырып, коммуналдық қызметтерге қатысты әділетсіздіктерді шешуге көмек сұрады. Бұл мәселеге қатысты депутат тиісті мекемелермен байланысып, төлемдердің дұрыстығын тексеруге, қажет болған жағдайда қайта есептеу жүргізуге ықпал ететінін жеткізді.
Қоғамдық қабылдау барысында жұмыссыз жүрген азамат та жүгініп, нақты қолдауға ие болды. Оған жұмысқа орналасу бағытында бағыт-бағдар беріліп, бос жұмыс орындары ұсынылды. Бұл – партияның азаматтардың еңбекке араласуына жәрдемдесу арқылы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған нақты қадамдарының бірі.
Қабылдау барысында көтерілген барлық өтініштер мен шағымдар партиялық бақылауға алынды. Әр мәселе бойынша тиісті органдарға сауалдар жолданып, шешім қабылдау процесі кезең-кезеңімен бақыланатыны атап өтілді.
«AMANAT» партиясы үшін ең басты құндылық – адам және оның мүддесі. Сондықтан да мұндай қоғамдық қабылдаулар азаматтардың нақты мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін тиімді алаң болып отыр.