«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ФРАКЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

121

Халықпен тікелей әрі ашық диалог жүргізу – «AMANAT» партиясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдау жүргізді. Қабылдау партияның «Құқықтық кеңес» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Қоғамдық қабылдауға келген азаматтар көбіне әлеуметтік қолдау, баспана, денсаулық сақтау мәселелері бойынша көмек сұрады. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер олардың өмірлік қиын жағдайына, материалдық тұрғыдан тапшылық көріп отырғанына байланысты болды.

Мәселен, Нұрсәт шағын ауданының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі үй кезегінде тұрғанына қарамастан жылжымайтын мүлікке қол жеткізе алмай отырғанын айтып, мәселені шешуге жәрдем сұрады. Бұл мәселені мұқият тыңдаған Қайрат Имашев тұрғынның жағдайын назарға алып, тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдайтынын айтты. Сонымен қатар, азаматқа тұрғын үй алу тәртібі мен заңнамалық талаптар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Қабылдау барысында көпбалалы аналар да әлеуметтік қолдауға қатысты өтініштерін жеткізді. Олардың көбі мектеп жасындағы балаларына оқу құралдары мен киім-кешек алуға мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Өз кезегінде Қайрат Имашев жеке қаражаты есебінен аналардың өтінішін қанағаттандырып, балаларға оқу құралдарын табыс етті.

Жұмыссыз жүрген азаматтың денсаулығына байланысты қиын жағдайы да депутаттың назарынан тыс қалмады. Азаматтың шағымын тыңдаған фракция жетекшісі медициналық көмек көрсетуге жауапты мекемелермен тікелей байланысып, емделуге қажетті барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Бұл – партияның адам өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілігінің нақты көрінісі.

Қабылдау соңында Қайрат Имашев: «AMANAT» партиясы әрбір азаматтың өтінішіне бей-жай қарамайды. Біз үшін тұрғындардың амандығы мен әл-ауқаты – басты құндылық. Әлеуметтік әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы жұмысымыз жүйелі түрде жалғасын таба береді», – деді.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы жанындағы қоғамдық қабылдаулар – азаматтарға көмек көрсетудің және нақты мәселелерді шешудің тиімді алаңы ретінде қоғам тарапынан жоғары бағаланып келеді.