Ұлт руханиятына серпін беретін тың бастама – әдебиет пен шығармашылықты қолдау «AMANAT» партиясының басты назарында. Осы мақсатта партияның Шымкент қалалық филиалы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырған әдеби-шығармашылық байқаудың қорытынды отырысы өтті.
Комиссия құрамында қоғам мен әдебиет саласының беделді өкілдері болды. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, жазушылар Момбек Әбдәкімұлы мен Захардин Қыстаубаев, сондай-ақ партияның жауапты қызметкерлері жас қаламгерлердің шығармаларын саралап, бағасын берді.
Байқау маусым айында жарияланып, Шымкент қаласы мен оған жақын өңірлерден шығармашылыққа бет бұрған жас ақындар мен жазушылардың басын біріктірген әдеби алаңға айналды. Бұл жолы бәйгеге түскен 15 үміткер өз туындыларын үш түрлі номинация бойынша ұсынды:
-
Поэзия – Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналды;
-
Проза – Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналды;
-
Балалар әдебиеті – Төрегелді Байтасовтың 70 жылдығына арналды.
Әр номинация белгілі бір қазақ қаламгерінің мерейтойымен сабақтастырылып, жастарды ұлттық әдебиеттің үздік үлгілерімен сусындатуға бағытталды.
Комиссия отырысында қатысушылардың еңбектері жан-жақты қаралып, тілдік стиль, мазмұн тереңдігі, көркемдік деңгейі мен идеялық ұстаным сынды бірқатар критерийлер бойынша бағаланды. Қазылардың пікірінше, жас қаламгерлердің шығармаларынан әдебиетке деген шынайы құштарлық, ұлттық болмыс пен жаңа буынның өзіндік ой-танымы айқын сезіледі.
Байқау жеңімпаздарының есімдері жақын күндері арнайы марапаттау рәсімінде жарияланып, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталмақ. Сонымен қатар, үздік шығармалар арнайы жинаққа еніп, көпшілік оқырманға жол тартуы да жоспарлануда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқаудың басты мақсаты – қазіргі қазақ әдебиетіне жаңа есімдерді қосу, кітап оқу мәдениетін насихаттау және жастарды көркем шығармашылыққа ынталандыру. Сонымен қатар, өңірлерде жасырын жатқан талантты қаламгерлерді қолдау арқылы ұлттық әдебиеттің келешегін қалыптастыру – басты мұраттардың бірі.