Шымкентте медицина бұйымдарын шығаратын жаңа өндіріс орны ашылды

1039

Бүгін Шымкент қаласының күні қарсаңында «Тассай» индустриялық аймағында қорғаныс киімдері мен медициналық бұйымдар шығаратын «Экофарм» өндіріс орны ашылды.

Бүгінгі таңда «Тассайда» жалпы инвестиция көлемі шамамен 45 миллиард теңге құрайтын 37 жоба жүзеге асып жатыр.

Жалпы құны 3,4 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаны іске асыру үшін «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жер беріліп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидияланған.

Жаңадан ашылған бұл өндірісте 150 адам жұмыс істейді. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнында жылына 600 мың дана қорғаныш киімінің 17 түрі, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығарылады.

Жалпы, Шымкент қаласы дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын шығаратын орталық болып қалыптасып келеді.