Пандемия сабақтары: Наконец-то, 42500, Whatsapp…

930

2020 жылы 13 наурызда Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. Яғни Қазақстандағы коронавирусқа тура 1 жыл болды. Қытайдағы эпидемиялық жағдайдың қиындығына байланысты Қазақстан 2020 жылдың 26 қаңтарында елдегі санитарлық тексеруді қатаңдатып, шекарадағы бақылауды күшейткен болатын.

Қазақстан бастапқыда Қытаймен 72 сағаттық визасыз режимді, артынша әуе және темір жол қатынастарын тоқтатты. Кейіннен бұл тізімге Иран, Оңтүстік Корея, Еуропаның бірқатар елдері кірді. 2020 жылы 10 наурызда Қазақстанның Бас мемлекеттік санитары қызметін атқарған Жандарбек Бекшин пресс-конференция барысында «11-16-наурыз аралығында «наконец-то» коронавирус анықталады» деген сөзді айтып, күлкіге қалды.

13 наурыз күні Германиядан Алматыға ұшып келген екі азаматтан вирус анықталды. Бұл ел аумағында тіркелген алғашқы науқастар болатын. Қазақстанда 16 наурыздан бастап пандемияға байланысты сақтық шаралары күшейтіліп, 19 наурызда Алматы мен Нұp-Сұлтан қалалары қатаң карантиндік жүйеге көшті. Арнайы қаладан шығуға тыйым салатын бекеттер қойылып, қала ішінде жүріп-тұру шектелді…

Коронавирусқа бір жыл. Қазақстан қандай қиыншылықтарды бастан кешіріп, өзіне сабақ алды?

ЭКОНОМИКА

Жалпы вирустан тұтас әлем экономикасы үлкен соққы алды. Пандемия туындатқан экономикалық дағдарыстың қашан аяқталары белгісіз. Бұл сарапшылардың айтуы бойынша екінші жаһандық соғыстан кейінгі ең ірі дағдарыс. Ресми дерек бойынша әлемде 520 млн адам жұмысынан қағылған немесе уақытша жұмыссыз қалған.

Бір ғана Қазақстанның өзінде Ұлттық қордан бірнеше млрд доллар вируспен күресуге, экономиканы қолдауға, бизнес секторды демеуге жұмсалды. Жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 8 есе артқан. Бұл 42500 түріндегі көмекті алу мақсатында жасалуы мүмкін, дей-тұра вирустың салдарынан мейрамханалар, кафелер, кинотеатрлар, парктер жабылды. Жүз мыңдаған адам расымен жұмыссыз қалды. Біраз мейрамхана қайта ашылуы екіталай. Жалпы үкімет пандемия туындатқан экономикалық дағдарысты еңсеру үшін 4 трлн теңге қаржы жұмсады. Ірі және орта, кіші кәсіпкерлікті қолдау үшін оларды 6-12 ай салықтан босатты. Жалдау ақысын уақытша тоқтатты. Бірқатар қалаларда халыққа коммуналдық қызметті төлеуге жеңілдік берді. Жұмыссыз және жұмысынан айырылған, уақытша жұмыссыз қалған тұлғаларға 42500 көлемінде үш мәрте төлем берді. Аталған шаралардың барлығына қарамастан елдегі әлеуметтік жағдай тұрақталар емес.

БІЛІМ САЛАСЫ, ИНТЕРНЕТ

Қазақстанда бірнеше сала бойынша орасан зор кемшіліктер бары анықталды. Ол тек қана денсаулық сақтау саласы емес, сонымен қатар білім беру, бизнесті қолдау, электронды үкімет жүйесі мен жеткізу салалары. Коронавирус білім саласына күтпеген соққы жасады. Білім саласы онлайн немесе қашықтықтан оқуға көшірілді. Нағыз қызық осы кезде басталды. Қазақстан билігі елдегі кедей топтың қаншалықты көп екеніне нақ осы сәтте көзі жетті. Себебі көптеген отбасы балаларын қажетті гаджеттермен (планшет, ұялы телефон, ноутбук) және интернетпен қамтамасыз ете алмады. Тіпті Тараз қаласында планшетке бола қарындасын өлтіріп тастаған қайғылы жағдай да тіркелді. Бұның барлығы елдегі әлеуметтік жағдайдың шынайы көрсеткіші болатын. Онлайн оқыту деңгейі де көбіне интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты қашықтықтан оқыту негізінде жүзеге асты. Телеарналар сабақты арнайы бағдарламалар арқылы көрсетуге көшті. Мысалы El Arna — орыс тілінде, Balapan – қазақ тілінде сабақ оқытты.

Елдегі интернет жүйесінің нашарлығы сын сағатта көрінді. Ресми статистика бойынша Қазақстан әлемде интернет жылдамдығынан 103-орында тұр. Балалар интернет жылдамдығының нашарлығынан, кей ауылда тіпті интернеттің жоқтығынан аты бар да, заты жоқ білім алуға көшті. Оқушылардың үйдің шатырына, қораның төбесіне, ауылдың сыртындағы қыр басына барып, интернет желісін іздеген суреттері мен видеолары түрлі ақпарат көздеріне шығып кетті. 18 млн халықты сапалы интернетпен толық қамтамасыз ете алмағандығы анық көрінді.  Оқушылар үйден оқып, мектепті сағынды. Не болса да енді бізде мектеп бітіру кеші болмаған, whatsappта оқыған буын бар.

ТУРИЗМ

Туризм саласы әлем бойынша жойқын соққы алды. Бұл саланың шығыны 1,2 трлн доллар дейді сарапшылар. Бұл әлі де арта түседі. Туристік компаниялардың біразы жабылып қалды, ал дағдарыс сәтінде тығырықтан жол табуға тырысқандар ішкі нарыққа бағытталып, Алакөл, Балқаш сынды су айдындарына турлар сата бастады. Оның өзі бір ай ғана, тамыз айында болды. Дегенмен әлем туризмі құлдыраса да, бұл ішкі туризмді дамытуға импульс болатын дүние. Жалпы табиғатқа шығу, таза ауада серуендеудің маңыздылығы халық үшін артқаны анық.

КРИЗИС МЕНЕДЖЕРЛЕР МЕН ДАЙЫНДЫҚТЫҢ БОЛМАУЫ

Коронавируста біздің деңгейіміз барлық сала бойынша белгілі болып қалды. Тіпті 100 теңгелік парацетaмол мен 30 теңгелік маска шығарудан артта қалыппыз. Халық бір ай бойы қарапайым осы заттарды таппай, сенделіп, шарқ ұрды. «Біз үшін күтпеген жағдай» деп ақталсақ та, мемлекет өзі үшін барлық сценарийлерге дайын болуы керек екенін ұмыт қалдырғандай. «Жер сілкінісі, соғыс, өрт, су басу, қуаңшылық, эпидемия, санкцияға ұшырау және басқа қауіптердің барлығы болса, қалай әрекет етеміз» деген жоспар болуы қажет. Мысалы оңтүстік диқандары мен бағбандары пандемиядан үлкен зардап шекті. Көкөністерді қайда сатарын білмеді, ал мемлекет ол жағдайды қалай шешу керектігін, жеткізуді қалай іске асырарын таппады. Жалпы айтқанда мемлекеттік секторда кризис менеджерлер аз екен. Олардың шешім қабылдауы да тым баяу көрінеді.

ДЕЗИНФОРМАЦИЯ

Пандемияға байланысты халық арасында түрлі алып-қашпа әңгіме өрбіді. Біреуі вирусты жоқ деді, енді бірі әдейі таратуда деді, үшінші топ төбеден ұшақпен сеуіп жүр деді. Бұл тұрғыдан халықты кінәлай алмаймыз. Ұзақ жылдар бойы ресми ақпарат біздің елімізде кешігіп шығады. Ол қауіпті. «Шындық қозғалам дегенше, өтірік жерді бір айналып шығады» деген сөз бар. Білдей бір ақпарат министрлігі бола тұра, ақпараттың кешігіп шығуы, оқиға орнынан (бұл жағдайда ауруханалардан, вируспен емдеу орталықтарынан) тікелей эфирдің тым аз болуы да халықты басқа мәліметке сенуге итермелейді ғой. Бір жыл өткеннен кейін барып вирустың барлығына, оның қауіп деңгейіне, одан сақтану қажеттігіне шүбә келтірмейтіндер саны шамамен 80-90%-ға жетті. Бірақ сол бір жылдың ішінде қанша жан жалған ақпаратқа сеніп, сан соғып қалды десеңізші.

ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Біреуге жабылған есік, енді біреуге ашылып жатады. Пандемия жеткізу қызметінің сапасын да, мәртебесін де арттырды. Үйге тамақ алдырту, шаштараз қызметін үйге шақыру бұл салалардың маңыздылығын көрсетті. Онлайн форматқа бейімделіп үлгерген оқыту курстары тұтынушылар санын еселеп арттырса, оффлайн форматынан онлайнға баяу өткендер я мүлде өтпегендер көштен қалып қойды. Бұл адамзаттың өзгерістер толқынында бірге жүру керектігін көрсетті, әсіресе біз сияқты өндіруші емес, тек тұтынушы болып қалған қоғам үшін, ертеңгі болашаққа қалай кіреміз деген сұрақтың өзектілігін аңғартты. Өйткені біз өзгерістерге тым баяу келетін қоғамбыз.

ВАКЦИНА

Вакцина жасау әлем елдері үшін басты міндеттің бірі болуда. Бұл тек адам денсаулығы үшін емес, саяси ықпал ету құралына да айналды. Қазақстан да Qazcovid-in атты вакцина шығарды. Қазір әлемде вакцина егу бойынша көш бастап тұрған ел — Израиль. Ерте ме, кеш пе, көпшілік вакцина қабылдайды. «Пандемия әлем халқының 75%-ы вакцина алған сәтте ғана аяқталуы мүмкін» деген болжамға сенсек, қабылдауға мәжбүрміз. Қазақстанда вакцина егу шаралары іске асуда. 25-мыңнан астам азамат ресейлік Спутник-V вакцинасын қабылдап үлгерді.

Коронавирустың қарқыны қазір қайта артты. Алматы шаһары қызыл аймаққа еніп, әз Наурыз мерекесі тойланбайтын болды. Бастысы бастың амандығы, деннің саулығы.

Асхат Қасенғали

Abai.kz