ШЫМКЕНТ: ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА ЖОЛДАМА АЛҒАН СПОРТШЫЛАР ҚЫЗУ ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ

1055
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Онда Бауыржан Қалмұхамедұлы Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындық барысын баяндады.
– Әлемдегі пандемиялық жағдайға байланысты 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада биылға ауыстырылған болатын. Осыған орай ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді. Бұл байрақты бәсекеге ҚР Ұлттық құрамасы сапына енген шымкенттік спортшылар қызу дайындық үстінде. Бүгінде өңірдің спортшылары 11 жолдаманы жеңіп алды. Сонымен қатар, 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтетін ХVІ Жазғы Паралимпиадаға Роман Агалаков жүзу спорт түрінен жолдама алды, – деді басқарма басшысы.
Баспасөз барысында Бауыржан Қалмұхамедұлы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Жыл басынан бері спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 324 690 адамды (30,6%) құрады. Жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қаладағы мектептер арасында спорт түрлерінен (футбол, волейбол, баскетбол, шахмат) «Шымкент жастар лигасы» өткізілді. Оған 4 спорт түрі бойынша 140 мектептің 536 командасы қатысты, – деді спикер.
Сонымен қатар, жыл басынан бері қала спортшылары ел чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, 364 алтын, 260 күміс, 312 қола медаль жеңіп алды. Ал Азия чемпионаттары мен кубоктарында 5 алтын, 7 күміс, 4 қолаға қол жеткізсе, әлемдік деңгейде 4 алтын, 6 күміс және 12 қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, осы жылдың 6 айында 4 – халықаралық, 98 – ҚР спорт шебері, 140 спорт шеберіне үміткер дайындалды.