Қытайда көз жұмған қазақ қызына қатысты тың деректер шықты

1300

Оның неден көз жұмғаны белгісіз.
Қаза болған қазақстандық қыз студент емес, Қытайға күнкөріс қамымен барған. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

Смадияровтың айтуынша, марқұм Гуанчжоу қаласының маңындағы Фошань қалалық округінде тұрған. Оның денесі Фошаньнан Гуанчжоу қаласына жеткізілді.

«Біздің Бейжіңдегі консул бірден марқұмның туған-туысқандарымен байланысқа шықты. Бүгін Қытайда қайтыс болғаны туралы куәлік рәсімделді. Біздің консул да жан-жақты көмек көрсету үшін Гуанчжоуда жүр. Жақын арада оның мәйіті Қазақстанға жеткізіледі деп ойлаймыз», — деді ол СІМ-де өткен апта сайынғы брифингте.

Көз жұмған қазақстандық қыздың аты-жөні – Динара Еренова, 1995 жылы туған. Смадияров марқұмның Қытайға оқу үшін емес, жұмыс істеуге барғанын айтты.

«Оның неден көз жұмғаны белгісіз. Өйткені Қытайда мәйітті сою процесі заң бойынша 30 күнге созылатындықтан, туысқандары бұдан бас тартты. Сондықтан олар қыздың денесін Қазақстанға әкелуді көздеп отыр», — деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

Ал Қазақстанда сараптама жасала ма, жоқ па, оны енді туыстары шешеді. Еске сала кетсек, осы жылдың 21 қарашасында Қытайдың Гуанчжоу қаласында қазақстандық студент қыз көз жұмғаны хабарланған еді.