Елбасы мақаласы – бірлік идеясы

1484

Президент айқындап берген басымдықтарды іске асыруда жұдырықтай жұмылып келе жатқан Ассамбмлея мүшелері бұл жолы да белсенділік танытатындықтарын жеткізді.

SONY DSC

Ardak.kz. Бүгін Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға Шымкент қалалық Ассамблея хатшылығының және «Қоғамдық келісім» КММ-ның қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, облыстық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, жоғары оқу орындарындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының оқытушылары және «Достық» клубының мүшелері қатысты.

SONY DSC

Жиынды ашқан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов мақаладағы тараулардың маңыздылығына тоқталып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруда ассамблея мүшелеріне артылар жауапкершілік жайын сөз етті.

«Мемлекет басшысының бұл мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екені айқын көрініп тұр. Бұл жөнінде Елбасы мақалада айтып өтті. Сондықтан бұл туынды барша қазақстандықтардың рухани өмірін жаңғыртудың негізгі тұғыры – ұлт тарихына арналғанын байқаймыз. Елбасы осы мақаласы арқылы қазақ ұлты, оның әлемдік өркениетті дамытуға қосқан үлесі мен қолтаңбасы жөнінде тың деректерді алға тартты. Елбасы айтқан идеяларды Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған «Қазақтану» жобасына кіріктіре отырып іске асыру тиімді болып табылады», — деді М. Қалмұратов.

Жиында сөз алған Шымкент қалалық кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак, қалалық түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Бегалы Байрамов, қалалық славян этномәдени бірлестігі жанындағы жастар қанатының мүшесі Андрейка Иван, «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының автоматтандыру бөлімінің маманы, славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Евгений Тюшевский мақала жайлы өз пайымдауларын ортаға салды.

Президент айқындап берген басымдықтарды іске асыруда жұдырықтай жұмылып келе жатқан Ассамбмлея мүшелері бұл жолы да белсенділік танытатындықтарын жеткізді. Бұл тұрғыда ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, Ғылыми-сарапшылық топтың, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының, этномәдени бірлестіктердің әлеуетін тиімді пайдалану керектігі айтылды.