Басты Әлем Ажалы ақшадан болған миллиардерлер
Төмендегі Батыс миллиардерлерінің өміріне үңіліңіз. Сонда «Мен неге кедеймін?» деп кейістік білдірмессіз…
Ажалдың қорқынышынан ақшаның қорқынышы басым болып шықты. Биржалық қалықтау мен құлдырау тарихына үңілсеңіз, талай сұмдық трагедияның куәсі боласыз. 1929 жылы болған аса ауыр экономикалық дағдарыстың тек алғашқы үш күнінің өзінде 210 шіріген бай өз өмірімен қоштасуды дұрыс көріпті. Қоғамда «Қара бейсенбі» деген атпен қалған сол күні Уолл Стриттегі заңғар ғимараттардың терезелерінен банкроттыққа ұшыраған брокерлердің өз-өздерін тастағаны туралы аңызға бергісіз небір әңгімелер бар. Оның бәрін тергіштеп басыңызды ауыртпай-ақ қоялық. Осы өзіміз куә болып отырған ғаламдық дағдарыс басталғалы бері бірнеше миллиардер өзін-өзі өлтірген. Соның бірі – фармацевтикамен айналысатын Адольф Меркле деген 74 жастағы неміс миллиардері. Атақты «Форбс» журналының есебінше, 2008 жылы ол әлем миллиардерлерінің ішінде 98-орында тұрған. Меркленің қол астында 70 000-нан астам адам жұмыс істеген. Осылайша жылдық ақша айналымы ондаған миллиард доллармен бағаланатын өндірістік империяның қожайыны ретінде дәуірлеп тұрған миллиардер қор рыногы күйреуге байланысты бір күнде 1 млрд евродан айырылған. Осыған қатты күйзелген Меркле пойыздың астына түсіп өлген. Оқиға болған жерден полицейлер оның туыстарына қалдырған ақырғы хатын тауып алған.
Ал енді америкалық 52 жастағы миллиардер Стивен Гудтің өлі денесі өзінің көлігі ішінен табылған. Ол әкесінен мұраға қалған жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын ірі компанияның атқарушы директоры болатын. 1965 жылдан бері бұл компания жалпы құны 9,5 миллиард долларды құрайтын 40 мыңнан астам жылжымайтын объекті сатқан екен. Жылжымайтын мүлік нарығы күйреген соң, Гуд ауыр күйзеліске түскен. Ақыры – анау. Арнайы билік өкілдерінің хабарлауынша, сабыры сарқылған миллиардер өзін-өзі басынан пистолетпен атып өлтірген. Бұдан да сұмдығы, 60 жастағы пәкстандық миллионер дағдарыстың кесірінен банкрот болғанына шыдамай, өзінің басын электр арамен кесіп тастаған. Марқұм Дубайдағы бірнеше құрылыс компанияларының қожайыны болыпты. Есік алдынан күйеуінің қанға
боялып жатқан бассыз денесі мен әлі жұмыс істеп тұрған электр арасын көрген әйелі дереу полицияға хабарлаған. Жесір қалған әйелдің айтуынша, ері соңғы уақытта қаржылық дағдарыстың кесірінен өте ауыр психологиялық күйзеліс үстінде болыпты. Өлерінің алдында өз компаниясының барлық қызметкерлерін жұмыстан босатқан екен.
Ирландиялық белгілі бизнесмен Патрик Рокканың 500 миллион евросы сақтаулы тұрған банк күйреп, байлығы суша ағып кеткен миллионер жүйке жүйесінің ауыр күйзелісінен өзін-өзі басынан атып өлтірген.
Ал бар-жоғы 35 жастағы ағылшын миллионері Джонатон Рейс 46 миллион долларға бизнесін сатқан соң, 2009 жылы өзін өзі өлтірген. Не үшін өзін өлтіргені туралы артына бір жапырақ қағаз да қалдырмапты.
Американың миллионері Эли Блэк өзінің банан экспортына салықты төмендету үшін 2,5 миллион доллар пара бергені туралы газеттегі ақпаратты оқып, 44-қабаттан секіріп өлген.
Лондондық банкир-мультимиллионер Хуберт Боуместер 2007 жылы 1 миллион евро сыйлық алғанына қарамастан, өзін өзі басынан атып өлген. Себебі, бизнесі күйрей бастаған.
2008 жылы британиялық бизнесмен Кристофер Фостер банкрот болудан қорқып, алдымен әйелі мен қызын өлтірген, артынан құны 2,500 миллион доллар тұратын үйін өртеп жіберген, сосын өзін өзі өлтірген.
Ағылшынның 54 жастағы байы Пол Кастл банкрот болудан қорқып, 2010 жылы пойыздың астына түсіп өлген. Өзі Англия корелевасымен кездесіп, фринц Чарльзбен шахмат ойнап жүріпті.
«Бай қалтырауық келеді» дейді қазақ. Бәлкім, ақша да қатты жерге тұратын болар. Тарихта ең бай миллиардерлердің өзінің қара бақыр, соқыр тиын санап жүретініне мысалдар аз емес. ХХ ғасырдың ең бай әйелдерінің бірі Генриетта Хоуленд Грин 1916 жылы өлгенде, артында 20 миллиард доллары қалған. Осы шіріген бай әйел Чикагодағы тұтас кварталдардың қожайыны болса да, өмір бойы ең арзан пәтер жалдап тұрған. Ал бірде бағасы 2 цент тұратын пошта маркасын іздеп, түні бойы табанынан таусылыпты. Ұлының аяғына операция жасау үшін үш күн бойына тегін аурухана іздеп, сандалғаны тағы бар. Осы миллиардер әйел 82 жасқа келгенде, қызметші әйелдің бір бөтелке сүтке артық төлеп қойғанын естіп, есінен танып құлап түскен. Есесіне байлығын өзіне қимаған сасық бай ретінде тарихта қалды. Өзіңе бұйырмағаннан артық ештеңе жей алмайсың деген осы да!
Осыдан 30 жылдан астам бұрын 4 миллиард долларымен әлемдегі ең бай адам саналған мұнай королі Джон Пол Гетти де сараңның сараңы ретінде тарихта қалған. Ол вилласына қонақтарының сөйлескеніне ақша шығындамас үшін таксофон орнатқан. 1973 жылы Джон деген немересін ұрлап кеткендер баланы қайтару үшін ақысына 17 миллион доллар сұрағанда, төлеуден бас тартқан. Ұрылар немересінің құлағының ұшын кесіп алып, оны конвертке салып жіберген соң ғана келісім берген. Соның өзінде Гетти үнемдеп, ұрыларға 2,7 миллион доллар ғана қиыпты.
«Форбс» журналының есебінде екінші орында тұрған америкалық қаржыгер Уоррен Баффет (44 миллиард доллары бар) бұдан 40 жыл бұрын 30 мың долларға сатып алған шағын пәтерде, бізше айтқанда, «хрущевкада» тұрады. Астына мінгені – ескі көлік, бізше айтқанда, «Москвич». Жыртық шалбар киіп жүреді.
Ханс Раусинг деген скандинавиялық бай 8 миллиард доллары болса да, жаңа көлік алуға ақшасын қимай, орыстың 12 жыл мінілген «Нивасын» сатып алыпты. Жарықтық дүкендерде заттың бағасын түсіргенше ұзақ саудаласатын көрінеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын британдық миллионер Николас фон Хоогстратенді (800 миллион доллары бар) адам өлімі үшін он жылға соттайды. Ал оның үйіне тінту жасаған полицейлер ас үйден пайдаланылған шай пакеттерін тапқан. Сөйтсе әлгі бай шай пакеттерін құрғатып, қайтадан бірнеше рет пайдаланады екен. Бір жылдан соң, миллионерді түрмеден босатқан. Дегенмен оның көпке жайылып кеткен сараңдығы туралы пікір әл-әзір басылар емес.
Сараңдықтың көкесі деп мынаны айтыңыз. 23 жастағы америкалық актриса Уэнди Доркас деген әйел Роджер Доркас деген 90-ға келген миллионерге күйеуге шығады. Мақсаты белгілі – қаусаған шалдың бар байлығын иемдену. Бір жылдан соң, ауру шал көз жұмады. Адвокаттар қарттың қалдырған өсиетін оқығанда, әйел талып түсе жаздайды. Оған бұйырған мұра… бір доллар екен. Ал қалған 64 миллион долларын шал Максимилиан деген итіне мұраға қалдырыпты. Сот салпаң құлақ итті жақтап шығады. Әйел де әккі екен, миллиондаған долларды қағып түсу үшін… итке тұрмысқа шығады. Амал жоқ, әйел мен иттің некесін қиюға тура келеді. Иттің құжатын тастай еткен шал оны АҚШ азаматы ретінде тіркетіп, салық төлеп тұратын етіпті. Ит өлген соң, бар байлық ақыры әйелге қалған.
Міне, «бақыт – ақшада» дейтіндерге бұл да өмірдің үлкен сынағы мен сабағы!
Төреғали Тәшенов