ЖАСТАРҒА БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

155

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде студенттер мен жастарға арналған маңызды кездесу өтті. Бұл кездесудің басты мақсаты – жастарға бірлік пен татулық қағидаттарын түсіндіру, қоғамдағы ынтымақтастықты нығайту және оларды өз еліне деген сүйіспеншілікке баулу болатын.

Кездесуге Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қаратау аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Зульфия Бекмұрзаева, сондай-ақ Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бөлімінің басшысы Нұржан Әбдікерім, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Мөлдір Алайдар, Қалалық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің теолог маманы Нұрдаулет Аманкелді қатысты.

Бұл шара барысында жастар арасындағы тәрбие, қоғамдағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, Отан алдындағы әскери борышты өтеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және жастарға мемлекетіміздің маңызды құндылықтарын дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, жиында әлеуметтік желілерде іріткі салатын ақпараттардың таралуын болдырмау, ұлтаралық қарым-қатынасты жақсарту және кереғар діни ағымдардан сақтану туралы да өзекті мәселелер қозғалды. Кездесу барысында жастарға өз ұстанымдарын дұрыс қалыптастыру, саналы азамат болып қалыптасу үшін қоғамдағы кез келген сынақтардан өтуге деген дайындықтың маңызы түсіндірілді.

Қонақтар жастарды өздерінің білім алуы мен шығармашылық дамуына барынша көңіл бөліп, азаматтық қоғамның қалыптасуына, еліміздің болашағына үлес қосуға шақырды. Сонымен қатар, жастардың өздері үшін ұлттық құндылықтарды жоғары бағалап, ұлттық бірлік пен елдік татулықты сақтауға деген ұмтылысын арттыру қажеттілігі айтылды.

Жиын барысында жастарға өздерінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіре отырып, елдің дамуына үлес қосу үшін әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығы айқындалды. Сонымен қатар, жастарды еңбекқорлыққа, адалдыққа, және ұлт алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу үшін білім мен мәдениеттің рөлі ерекше атап өтілді. Мұндай кездесулер жастардың қоғамдағы орны мен рөлін түсінуіне көмектеседі және оларды елдің болашағына өз үлестерін қосуға ынталандырады.