Бүгін Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының мүшелерімен кездесу өткізді. Жиынға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әуесханов Серік Елемесұлы және ұйымның белсенді мүшелері қатысты.
Кеңейтілген отырыс барысында кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелері талқыланып, алдағы жоспарлар белгіленді. Күн тәртібінде келесі мәселелер қарастырылды:
• «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы жұмыстар. Бауыржан Алтеев биылғы жылдың басты мақсаты еңбек адамының мәртебесін арттыру екенін атап өтті. Ол «Қызмет» кәсіподағының мемлекеттік қызметшілер мен коммуналдық сала қызметкерлерінің беделін көтеруге қосқан үлесінің маңыздылығын айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды.
• «Ынтымақ жүгірісі» – кәсіподақтардың спорттық бастамасы. Жиында алдағы уақытта Дендропаркте өтетін «Кәсіподақ RUN 2025» атты жаппай жүгіру жарысының ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бұл іс-шараға «Қызмет» кәсіподағының мүшелері де белсенді қатысып, кәсіподақтардың бірлік пен салауатты өмір салтын насихаттаудағы рөлін көрсетуі тиіс екені айтылды.
• «Таза Қазақстан» акциясы: қоршаған ортаға қамқорлық. Кәсіподақтар ғимараты орналасқан аумақтағы сенбілікке қатысу мәселесі де қаралды. Бұл шара әрбір кәсіподақ мүшесінің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, табиғатқа жанашырлық танытуға үндейді.
• Өзге де жұмыс мәселелері. Отырыс барысында ұйым мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттардың орындалуын қадағалау және заңнамалық өзгерістерге байланысты мәселелер де кеңінен талқыланды.
Бауыржан Алтеев кәсіподақтардың еңбек адамын қорғаудағы маңыздылығын айта келе, бірлесіп жұмыс істеудің және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттырудың маңызды екенін атап өтті. Кездесу өзара түсіністік пен ашық диалог атмосферасында өтті. Қатысушылар бұл жиынның алдағы уақыттағы жұмыстарға тың серпін беретініне сенім білдірді.