Әлем күрт өзгеруде, ертең не боларын білмейтін кезде біздің қоғамның дертіне шипа керек. Қоғамды жаңғыртуды, 30 жыл бойы қалыптасқан «ыңғайлы көпшіліктің» қасаң тартқан санасын өзгертуді академик Оразалы Сәбден қазіргі заманда әлемнің өркениеттік жақсы құндылықтарын пайдалана отырып, ең өзектісі ретінде Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани конституциямыз ретінде жалпыхалықтық оқу жүргізу керек дейді.
Абайдың толық адам ілімін жаңғырту
Абай – тума талант, данышпан, хакім, гений, қазақтың идеалы. Шығыстан да, батыстан да көп ілім-білім жиған Абай сол білімнен адамзат биігіндегі өз ойларын қорытып шығарды. Анықтап айтқанда, әл-Фарабидің философиялық ғылым көздері, Жүсіп Баласағұнидың мораль философиясы, Қожа Ахмет Ясауи, Бақырғани Сүлейменнің сопылық ілім негіздері т.б. ғұламалардың еңбектері арқылы өз іліми мектебін жасақтады. Ең негізгісі – ұлы Абайдың «толық адам» ілімі. Өз өлеңдерінде: «Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз», «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деген Абай ойлары хакімнің ғылым-білімге үлкен мағына бергенін дәлелдейді. Адамзат білім болғанда ғана жарыққа, биікке жетеді, дамиды деп түсінді. Осы ойларының мәнін аша түсу үшін қарама-қарсы мағынада надандық, білімсіздік, қараңғылықты кінәлады. Абай білімнің неғұрлым тереңін көздеді. Білімді тереңдету үшін Абай «мұлахаза» және «мұхафаза» концептуалды ұғымдарына жүгінді, терең ойға салып, ғылыми ізденістер жасады. Хакімнің осы ізденістерінен «толық адам» ілімі туды. Ол Конфуцийдің мораль философиясын меңгерген сияқты немесе Абай ізденіс ілімі соған алып келгендей.
«Кімде—кім осы жолмен жүруді өзіне шарт қылып қадам басса, сол толық адам делінеді» деп, «толық адам» бойындағы қасиеттердің ең негізгісі етіп ізгілікті алға тартты. Бұл жерде Абай «Құтты білік» дастанындағы жәуанмәртлікті адамгершілік негіздері ретінде пайдаланып, «толық адам» концепциясына этикалық бағыт ретінде кіргізеді. Оның негізіне: ғылым, рақым, ғадәлет ерекшеліктерін алады. Осы үшеуінің басын қосып, ізденіп толық игерген адам ғана «толық адам» қатарына қосылуы мүмкіндігін айтады.
Бізге де кейде сол Еуропа кеңесшілерінің арқасында дүниенің көрінген сырына, қоғамның заттық әлеміне басымдық беріп, мұнай-газымызды, жерасты байлығын тезірек алсақ, шетелге сатып байысақ деп жүргендер де аз емес. Ойлағанын жасап та үлгерді, байларымыз да жетеді. Ал үкімет пен парламент солардың шотын жауып жүрген сияқты болып көрінеді. Әйтпесе өндірілген мұнай көлемінің 28-ақ пайызы бізде, ал 72 пайызы шетел компанияларының қолында екенін қалай түсіндіруге болады? Неге олар түскен барлық табысты шетелге алып кетуі керек? Біздің шенеуніктер Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін ұмытқан болар? Өкінішке қарай, егемендіктің 30 жылында біз Абайдың ой өркениетін мұқият зерделегенде баяғыда жүйені басқа арнаға салып, шетел үстемдігінде кетпес едік. Қазып жіберсек, бұл жерде кешірілмейтін қателіктер көп. Әттең, қайран Абай, ерте туыпсыз.
Ашығын айтқанда, біз еліктеп келген жаhандық дамудың қазіргі материалистик моделі тиімсіз екенін мойындауымыз керек. Біз миллиардтаған адамға эндемиялық кедейшілік жағдайында өмір сүруге жағдай жасап отырмыз. Алға жылжуға жаңа жол табу керек. Сондықтан жүйелік тәсілді қарастыра отырып, мәселелер шешімінің адекваттылығының, тұтастылығының жауабын іздеген дұрыс. Олардың ішінде бастысы – дүниетануға гуманистік пәрмен беру, дүниенің көрінбеген сырын, рухани-ізгілік бағыттары, қадамдары мен сананы ояту идеяларын тудыру керек. Қазір ХХl ғасырда адами ақыл-күй мен рухқа сенетін уақыт келді, әйтпесе өте қауіпті апатқа душар болуымыз мүмкін. Мәселе қоғамның адамгершілік тұрғыдан бүліну қаупі жөнінде болып тұр. Адамзаттың дамуын шығысқа бұрып, оны заттық жүйеден рухани, қоғамды ізгілендіру рельсіне түсірген жағдайда әлем тыныштанады, тұрақты дамиды.
«Осылардың бәрін қалай іске асыру керек?» дегенде, ұлы Абайдың «толық адам» іліміне қайта ораламыз. Сонда заңды сұрақ тууы мүмкін: «Толық адам кім, өзі? Оның үлгісі біздің арамызда бар ма? Өзі кімнен өнеге-өсиет алып, кімге қарап, бой мен ой түзей аламыз?» т.б. Әрине, бар, түркі халқы, қазақ халқы – кемеңгер халық. Оларды осы кітаптағы тарихи ұлы тұлғалардан көруге болады. Дәл қазіргі уақытқа келсек, мен Абайдың «толық адам» үлгісі деп, кеше ғана өмірден өткен академик, заңғар тұлға Салық Зиманов пен заты неміс болса да, ділі қазақ, халық жазушысы Герольд Бельгерді, академик Тұрсынбек Кәкішевті айтар едім. Үшеуінің де өміріне, істеген істеріне үңілсең, «елім» деп, «егемендігім» деп, тіршілігінде тек шындықты айтып шырылдап, білікті ұсыныс-идеяларды айтып та, жазып та кетті. Қазақ халқын қалай ізгілендіремін деп, өмірлері күреспен өтті. Олар басқаға жақпаса да, халыққа жақты, елдің сүйіктісі болды. Міне, Абайдың «толық адам» аманатын орындаған деп, осы тұлғаларды айтуға болар еді. Жастар осы тұлғалардың еңбектерін оқып, өнеге алса екен.
Меніңше, адам толық адам болғанда ғана қоғамға шын пайдасын тигізеді. Адам өз мақсатына адал болғанда ғана ақыл-ойы ештеңеге тәуелді һәм қолы байлаулы болмайды. Тек тәуелсіз ой ғана кемел істерге бастайды. Толық адамға биліктің де, байлықтың да керегі жоқ. Дүниенің қызықтарын, нәпсіні, басқаны ұмытып, тек еліне, халқына қызмет етуді ойлайды, ел игілігі жолында барын салады. Оның бойы рухани тазарған кезде алтыншы сезімі ашылуы мүмкін, сол кезде өзі ойламаған мүмкіндіктерге қол жеткізуі неғайбыл.
Абайдың «толық адам» ілімін шығыстық рухани даму жүйесімен ұштастырып, осыларды дүниежүзілік ой өркениетінің дамуымен жүйелі түрде синтез жасап, жандандыруға болады деп ойлаймын. Ол үшін бізге материя мен сананы, рухты бір жүйе ретінде қарастыратын жаңа идеялар керек, бұл біздің батыстық жүйеден басты айырмашылығымыз болмақ. Ол деген: Ұлы Жібек жолын жандандыру, Түркістанды қайта жаңғырту, рухты ояту, үлкен экономикалық белдер жасау, рухани, логистикалық жобалар ұсыну т.б. Мысалы, 2012 жылы Түркістанды халықаралық деңгейде рухани орталыққа айналдыру жобасын жасап, елбасына жіберген болатынмын. Ендігі мәселе осы жобаны толыққанды іске асыруда.
Ең маңыздысы – адам, оның ішкі әлемі, әр отбасы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық дәстүрді жаңғырту. Себебі жаңа постиндустриалды өркениетте бірінші кезекке адам факторы мен рухани сана қойылуы керек. Бұл дегеніміз – Абайға жүгіну. Осы орайда, бір ұсыныс айтқым келеді. Біздің мемлекетімізде ғалымдардың қатысуымен «Хакім Абайдың толық адам ілімінің жол картасын» жасап, біздің рухани конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Осыны игерген адам тиісті қызметке алынуы керек. Барлық оқу орындарында Абайдың толық адам ілімін жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, цивилизацияға жаңаша бет бұрамыз. Абай армандаған заман енді туады. Әлі көп кешікпей дүниежүзі Абайды Конфуций мен Нострадамустай оқитын болады. Абайдың феноменін сонда ғана адамзат түсінетін болады. Басқалар түсінгенше, Абайды өзіміз бойымызға сіңдірейік.
Себебі ХХІ ғасырда цивилизациялық даму соған алып бара жатыр. Жаһандану процесі рухани салаға мейлінше, күштірек ене бастады. Адамның рухани санасына, әлемдік психологияның өзгеруіне батыл өзгерістер жасалынуы қажет. Бұл халықаралық қатынастарда құқықтың сақталуына, келісім мен бейбітшілікке алып келеді. Оған өту бұрынғы идеологиялық постулаттарды қайта қарастырудан басталады. Мысалы, экономика жағынан алып қарайтын болсақ, оны әдеттегідей, абстрактілі тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыруға емес, нақты адамның тұтынымына бағыттау кeрек. Мысалы, жаңа ұсыныс ретінде «әр адамға әлеуметтік-экономикалық нормативтерді енгізу жолымен ғана адам капиталы саласында кедейшіліксіз өмірді қамтамасыз етуге болады». Бұл дегеніміз – экономиканы әр адамның керегіне бұру.
Абайды оқу, тану, ойларының тереңіне үңілу, маржанын теру ойшылдың ой өркениетіне мойын бұру болып табылады. Сонда ғана рухани биіктікке қолымыз жетпек, сонда ғана жаңа өркениет есігінен «толық адам» болып аттай аламыз. Қазақтың тербеліп өсер бесігі – шетел насихатшылары емес, ол ұлы Абайдың шығармалары, қара сөздері, шығыс философиясы. Ұлы Абай – шығыс даласында рухани революция жасаған әлемдік тұлға. Ойшыл хакімді өзінің осы лайықты биігіне көтеру біздің парызымыз. Абай ілімі бізге математиканың көбейту кестесін білу сияқты бір қалып «стандарт» ретінде пайдаланса, қоғамның алға жылжуына үлкен әсері болары сөзсіз. Әр жеке адам «Мен ішкі жан дүниемнің жұмағына қалай кірем? Осы өмірде кіре алам ба?» деген сауалды өз-өзіне қойып, соны Абай ілімі арқылы шешуге тырысуы керек. Қытай болса Конфуцийді толыққанды іске асыруда. Ұлы Абайдың «толық адам» ілімін игерген жас қазақ өзін де, елін де бақытты етеді.
Келешекке көз салсақ, әлемнің постиндустриалды даму кезеңінде қоғамды ізгілендіру заманының моральдық кодексін жасақтағанда басқа әлемдік генийлермен бірге ұлы Абайдың ой өркениеті, оның «толық адам» ілімі, асыл сөздері сол моральдық кодекстің фундаменттерінің бірі болып қаланатынына негіз мол және де олар күллі адамзат ұстанатын мұраттар.
Осыған дайындық ретінде Қазақстанда, Ұлы Жібек жолында Абай атындағы рухани академия ашып, сол академияда Абайдың мұрасын, шығыс философиясын зерттейтін, Еуразия кеңістігіне ғылыми кадрлар дайындайтын орталықтар қызмет етсе, өркениеттің дамуына үлкен септігін тигізер еді. Бұл туралы ұсынысымды президент Қ.Тоқаевқа жазған болатынмын.
Кемеліне келген толық адам өзінің біліктілігі сонша жоғары болғандықтан, ол адамзат алдына, жалпы әлемге бағалы, өте құнды рухани дүниелер, жаңалықтар алып келеді, жаңа өркениетке жол ашады. Генийлер де осылардан шығады.
ХХІ ғасырда сананы өзгерту, жаңа мораль жүйесін жасау туралы
Хакім Абай: «Рухани құндылық – адамзат өмірі мен адами жетілуінің қос қанаты – ізгілік пен танымға бірдей азық әрі жетекші», – деп пайымдайды. Ақыл мен жүректі ізгі етуші – әділет. Абай «Он төртінші сөзінде» ақыл жүректің ізгі қызметінде көрініп, нұрлы болуы әділеттен дегенді байқатады. Әділетті ақыл мойындаған нәрсені ғана Абай жүрек ісі деп біледі. Ал «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде жүректің өзін оның негізгі қасиеті әділеттілікпен байланыстырып, өмірде өзінен де пенделік қателік кетіп, әділеттен бұра тартқан кезіне өкініш білдіреді.
Абайда Алланың әділетін тауып, танып, анықтау, оны бәрінің де бастауы етіп көрсету басым. «Бұдан ізгілікті қоғамның ХХІ ғасырда моральдық кодексі қандай болуы керек?» деген заңды сұрақ туады. Адамның қабілеті шексіз. Егер ол жастайынан жанына керектінің бәрімен айналысса, оқыса-тоқыса, ілім қуса – дегеніне жетеді. Осы жолда ол өте бай да (миллиардер) бола алады, биліктің де шыңына шыға алады, тіпті үлкен ғалым, сәулетші т.б. болуы, үлкен жетістіктерге жетуі мүмкін. Бірақ сол жолда оның алдынан шайтан жолға шығару үшін әртүрлі тән рахатына бататын ұсыныстар болады, тәннің нәпсіге ұрынуы, үлкен пара да ұсынылуы мүмкін т.б. Өкінішке қарай, көріп жүргеніміздей, олардың көбісі талантын таптап, осы жолға түсіп кетеді. Ал бойында қалыптасқан адамдық, моральдық принциптерін ұстап қалатындар діттеген мақсатына жетеді. Жалпы, мораль дегеніміз – нәзік дүние бола тұра, ол қоғамның рухани дамуы мен табиғат заңдылықтарының адам өмірінде орындалуынан туады. Тек осы жағдайда ғана адамның ішкі рухани дүниесі толыққанды қанағат табады, кемелденеді.
Абайдың теріс істі кісінің өзі жасамай, оның өзгеден шыққанын көргенде-ақ: «…ұят істі қылған адамды есіркегендіктен, бір нәрсе іштен рақым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетуін» ізгіліктің белгісі ретінде танытады.
Әлемде бар моральдық кодекстерді (діни, кәсіби, корпоративтік және т.б.) саралайтын болсақ, барлығында бірінші орында ізгілік, адамгершілік, яғни этика-әдеп принциптері өзек болып саналады. Мәселен, діни кодекстерде өмірдің мәнін ұғыну, денсаулықты бағалау, адамның өзін және өзгені сыйлауы негізгі құндылықтар ретінде қарастырылады. Ал кәсіби кодекстер мамандардың біліктілігімен қатар, сол қауым үшін құнды этикалық принциптерді қамтиды. Бұл қағидаларды ұстанбау, түптеп келгенде, адамның жұмыстан кетуін немесе сол қоғамның мүшелігінен шығарылуын көздейді. Мәселен, Гиппократ антының дәрігер үшін маңызы қандай болса, сол сияқты журналист кредосының да мәні жоғары. Қазіргі әлемде болып жатқан коронавирус індетін ауыздықтау дәрігерлер антының риясыз орындалуында. Біздің дәрігерлеріміздің риясыз еңбегін, қандай қиындыққа барып жатқанын тек батырлық дейміз. Дәрігерлерге көмекті аямау керек.
Абай адамның адамгершілігі мен кісілігін кемелді, толық етуге негіз болатын басты қасиеттерді анықтайды. Хакім Абай айтқандай, ақыл, рақым, әділет – үш қасиетті үлгі етуден туындатады. Экономикалық дамудың үздіксіз не өміршең болуын қамтамасыз ететін бірден-бір дүние оның рухани құрамдас бөлігінің, моральдың болуы керек екенін бүгінгі өміріміз осылайша айшықтап отыр. Осы тұста моральдық, этикалық кодекстердің белгілі бір салаларда ғана емес, халықаралық келісімдер мен шарттарда да болуы тиіс екенін атап айтқым келеді. Себебі барлығында тек экономикалық тиімділікке баса назар аударылады да, оның гуманитарлық, этикалық астары қалып қояды. Сондықтан ізгі қоғам құру жолында жалпы адамзатқа ортақ ізгілік құндылықтар: адамгершілік, адалдық, әділдік, ар т.б. қамтыған халықаралық мораль кодексін қабылдаудың да мәні жоғары. Бұл өз кезегінде мегадипломатия арқылы экономикалық дамудағы тұрақтылыққа әсер етеді.
Мысалға, қазіргі уақыттағы қазақ қоғамын алсақ, зиялы, адал адам таза еңбегімен ешқандай жетістікке де, байлыққа да жете алмайды. Біздің бүгінгі өміріміз, Шәкәрім айтпақшы, «әйтеуір, қол жетпейтін бір жанталас». Ал, керісінше, айлакер, қу, нәпсіқұмар адамдар жең ұшына қол жалғап, тамыр-таныс, сыбайластық арқылы биліктің биік шыңына жетіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Біздегі байлық пен билікке қол жеткізгендер ішінде үкімет басшысы, әкім, министр, бизнес өкілдері мен банкирлер бар. Ал қарапайым дәрігер, мұғалім, инженер, ғалым, жазушы, ақын материалдық құндылыққа қол жеткізбек тұрмақ, айлығы шайлығынан аспай жүр. Біз сонда қандай қоғам орнатып жатырмыз? Неге біз адамзатқа лайық таза жолмен жүрмейміз? Жауабы қашан болады? Менің ойымша, бұндай стратегиялық қателікті, теріс ұғымды, қоғамды, цивилизацияны дағдарысқа алып баратын жолды тек мораль, адамның ары мен тазалығы, сананы көтеру арқылы жеңуге болады. Ол үшін осы қиындықтарды еңсеру арқылы адам өзіне бақыт әкелетінін сезінуі қажет. Бұларды жасау үшін, меніңше, мынадай қағидаттарды ұстанған жөн.
Бірінші – адамдардың санасына өзгеріс керек. Айналада, қоғамда болып жатқан мәселелерге мән беріп, неге бұлай деген сұрақты қою. Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады. Еңбек етіп, мемлекетке салық төлеп отырғаннан кейін «осыншама қазба байлықтың үстінде отырып, Абайша айтқанда, неліктен шеңгел шайнап отырмыз» деген сұрақты қою осы елдің азаматы болған соң, әбден заңды. Сананы өзгерту дегеніміз – айналаңдағы өмір күнделікті күнкөріс қамы ғана емес, өзіңнің және ұрпағыңның болашағын ойлау, сол үшін жауапты болу.
Екінші – саннан сапаға көшу. Біз осы уақытқа дейін баламызды ақылы оқуда оқытып, «диплом алса болды» деген мақсатта болдық. Жоғары оқу орнын бітірген жас дипломын алады, бірақ неге мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайды, егер жұмысқа тұрса, еңбекақысы неге аз, неге кәсіби өспейді деген санада да сауал туындауы керек. Сананың өзгеруі деп осыны айтамыз. Сапасыз білім алып, кейде 2-3 дипломмен жұмыссыз жүруден гөрі нарықтық заманға ыңғайлы, нан тауып жей алатын мамандық таңдайық, сол салада кәсіби біліктілігімізді арттырайық. Сонда ғана бақуаттылығымыз артады. Бұл үшін сананы өзгерту арқылы таңдауды тек өзіміз жасаймыз. Елдің материалдық жағдайы дұрыс, баспанасы, кәсібі болғанда ғана біз екінші сатыға, елдің рухани жағын күшейтуге күш сала аламыз. Абайдың «толық адам» ілімі ұлттық рухани құндылығымызды арттыру мақсатында бізге осы кезде керек болады.
Елдің ең басты капиталы – адам. Егер адам жан-жақты, ізгі, әділетті, рақымсүйгіш болғанда ғана елдегі адам капиталының сапасы артады. XXI ғасырда халықаралық деңгейде адамның сапасын өлшеуде белгілі көрсеткіштермен қатар, Абайдың «толық адам» ілімі ең озық идея ретінде пайдаланылуы тиіс.
Үшінші – санасы өзгерген, сапалы кәсіби білімі бар, мақсаты айқын адамға патриоттық сезім, психологиялық пәрмен, яғни жоғары ерік күш қажет. Ол күнделікті үздіксіз жаттығумен келеді. Соның арқасында адам сананың ең жоғарғы деңгейіне жетеді. Гегель айтпақшы, «тәрбие – адамды бала кезден тәрбиелеу ғана емес, ол – сананың оянуы». Дұрыс сапалы білім мен тәрбие алған адам, халық мықты мемлекет құрады.
Төртінші – әр адам дүниежүзінде орын алып отырған сын қатерлерге адекватты түрде өзінің барлық күш-жігерін, мінез-құлқын, қайратын, қайсарлығын жұмсауы қажет. Негізгі мәселе – басқаларды басқарудан гөрі әр адамның өзін-өзі игеруге мән бергені жөн. Өз қадірін білген адам басқаның да қадірін біле алады, ал басқалар соған сай ізет қылады.
Бесінші – адамның рухани дамуы, тек дін жүйесімен байланысты емес, ол – өміріміздің бейнесі, қоғамды ізгілендіруге талпындыру. Керек болса, біз Құдайдың, табиғаттың алдында байлығымызбен жауап бермейміз, керісінше, істеген жақсылығымыз, рухани құндылығымыз бен санамыз қай деңгейде екенімен есеп береміз. Адам өмірде үлкен байлығымен жетістікке жеттім деп мақтануы мүмкін. Адамның рухани өте азғын болуы біріншісін жоққа шығарады да, ол адам Абайша «толық адам» болмайды. Ал байлыққа көзсіз ұмтылу бақыт әкелмесі анық. Рухани күшті адам жамандық жасай алмайды. Себебі оны жоғарыда айтқан моралі жібермейді. Оқу орындарында сапалы біліммен қатар, моральды азамат тәрбиелесек, игі болар еді. Оның өзін-өзі тануға, өзінің потенциалын ашуға, мәдениетіне, тазалығына және оның ішкі адами сапасына мән берілсе.
Алтыншы – осыларды іске тиімді асыру үшін адам өзін-өзі бақылап, басқара білуі керек. Адам алдына қойған мақсатына жетіп, «толық адам» болуы үшін өзін бірқалыпты ұстауы, сыртқы және ішкі факторлардан өзін сақтап, іс-әрекеттерін басқара білуі керек. Әрине, мұның бәрі ең жоғары моральдық құндылықтарға, адамның ар ұстанымына, қалыптасқан мінезіне негізделеді. Мораль кетсе, бәрі кетті деген сөз. Мектепте жастарды мінезінің қалыптасуына, ойының тұрақтануына, негативті процестермен күресуге бейімдеу керек. Жеңіл мал табудан, «көп айтса болды, билік айтса көнді» дегеннен арылу қажет. Осы жетістікке жететін ұзақ жолда үлкен күш-жігер, талап, әсіресе тұрақты бақылау қажет. Мұндайда Абайдың «Егер ісіңнен нәтиже көргің келсе, әр уақытта өзіңнен өзің есеп алып отыр» деген сөзін еске алсақ жарар еді. Өмірде басқаларды басқарудың алдында өзіңді басқаруды үйрен. Ол рухани санамен келеді.
Осылардың бәрін игерген адам тұлға болып қалыптасады. Одан ары адам өзінің бір даму деңгейіне жеткенде кемелденген толық адам болып есептеледі. Қалай ойласаңыз да, сапалы білімсіз, рухани қалыптаспаған адам өмірге бағалы ештеңе алып келе алмайды. Себебі оның өзі Абайдың «толық адамы» бола алмайды, оның ақыл-ойын, рухын миымен толық игеруге шыдамдылығы мен төзімділігі жетпейді. Егер адам Абайдың «толық адам» ілімін шын жүрегімен түсінсе, «мен өзімді өзгертемін, қойған мақсатыма жетемін» деп мақсат қойса, ол адамды енді бұл жолда ешкім тоқтата алмайды. Түптеп келгенде, моральдық қалпын сақтаған адам өзін де, елін де, адамзатты да алға алып баруға өз септігін тигізеді. Сонда ғана ол адам осы өмірде өзінің ішкі дүниесінің жұмағына кіруі мүмкін. Ал моральдық қалпы жоқ адам кешірілмейтін қателіктер жасайды.
Егер болашаққа болжам жасайтын болсақ, адамзат ең жоғарғы моральдық қалпымен, сананың шыңымен жүретін болса, онда зорлық-зомбылық, соғыс, үлкен қақтығыстар да болмас еді. Ол үшін білім мен тәрбие жүйесі күрт, түбегейлі өзгеруі керек. Оның басында әр адамға жеткілікті деңгейде материалдық тұтыну қажеттілігі мен мораль тұруы керек, адами қасиеттердің қалыптары әр адамның ой-санасына енгізілуі қажет. Әрине, бұл көп іс-әрекетті, ұзақ уақытты алатын процес. Дегенмен әр адамның жеке рухани мүмкіндіктері іске аспайынша, өмірдің жақсаруы екіталай. Себебі мұңсыз адам ары қарай да теңсіздікке, жалған ұжымдықтың құлдығына ұшырай береді. Билік оны неге сендіргісі келеді – соны жасайды, жалған ақпараттар т.б. тетіктер арқылы мақұлдатады. Мұны «ұятсыз өтірікке сендіру» деп атауға да болар еді. Ары кете берсе, бұл жол диктаторлық жүйеге алып баруы мүмкін. Мұндай сұмдықты болдырмау үшін жаңа этика туралы заң қабылдау керек.
Алда цивилизациялық дамуда VI–VII жаңа технологиялық укладтарды игерудің арқасында дүниеде үлкен өзгерістің, ғылыми-техникалық революцияның болатынына сенеміз. Себебі сана эволюциясы, рухани революция, қоғамды ізгілендіру заманы келе жатыр. Ал адамзат болса осыған қызмет ете отырып, өзінің рухани даму шыңына шығады. Сонда ғана бүкіл адамзат әлемнің бейбітшілік дамуының жемісін көреді. Бізге де рухани биіктік қажет.
Оразалы СӘБДЕН,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,
э.ғ.д., профессор, академик