Өзбекстанның сыртқы қарызы рекордтық деңгейге жетті

81
Соңғы бес жылда Өзбекстанның сыртқы борышы күрт артып, 2020 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 72 пайызға ұлғайса, жекеменшік сектордың қарызы 2,8 есе өскен.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Өзбекстанның сыртқы қарызы 72,2 миллиард долларға жетті. Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, сыртқы қарыз мөлшері соңғы алты айда 8,1 миллиард долларға, яғни, 12,1% артқан,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өзбекстандағы сыртқы қарыздың жалпы көлемі – 72,2 миллиард доллар. Оның ішінде:

  • 36,8 миллиард доллары – мемлекеттік қарыз;
  • 35,4 миллиард доллары – жекеменшік сектордың қарызы.

Жарты жыл ішіндегі өсімнің негізгі бөлігі корпоративтік қарыз есебінен болған: жыл басынан бері мемлекеттік қарыз 2,9 миллиард долларға, ал жекеменшік сектордың қарызы 5,2 миллиард долларға артқан.

2024 жылы Өзбекстанның сыртқы қарызы 10,8 миллиард долларға көбейді. Бұл – 2013 жылдан бері тіркелген ең үлкен жылдық өсім. Бұған дейін мұндай рекордтық көрсеткіш 2020 жылы пандемия кезінде (9,2 млрд доллар) және 2023 жылы (9,8 млрд доллар) байқалған еді.

Соңғы бес жылда елдің сыртқы борышы күрт артып, 2020 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 72 пайызға ұлғайса, жекеменшік сектордың қарызы 2,8 есе өскен.

Осылайша, Өзбекстанның сыртқы қарызы 2020 жылдан бері 2,1 есеге артып, аймақтағы өзге елдерді басып озды.

Мысалы, осы кезеңде Қырғызстанның сыртқы қарызы 41,3% көбейген. Ал Қазақстан мен Тәжікстанда өсім әлдеқайда төмен – 5,4 және 6 пайыз шамасында.

Айта кету керек, сыртқы қарыздың абсолюттік көлемі бойынша Орталық Азия аймағында көшбасшы – Қазақстан. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, елдің жалпы сыртқы қарызы 172,8 миллиард долларға жеткен.