Бүгін «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында «Әйел Аманаты» жобасы аясында жастардың репродуктивті денсаулығы және салауатты жүктілікті жоспарлау тақырыбына арналған маңызды семинар өтті.
Жиынды қалалық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Керимбаева Наргиза Абайдуллаевна модераторлық етті. Семинардың мақсаты – әйелдердің денсаулығын нығайтуға және отбасы құндылықтарын дәріптеуге жағдай жасау.
Семинарда жоғары санаттағы гинеколог-эндокринолог Рыкова Наталья Владимировна және жоғары санатты акушер-гинеколог, пренатолог Алиева Жамиля Каплановна дәріс оқыды. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы жас қыздар мен әйелдерге маңызды медициналық кеңестер беріп, сұрақтарына жауап берді.
Еңбек ұжымдарындағы әйелдердің әлеуметтік және медициналық құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлу мақсатында, семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев қатысты.
Б. Алтеев кәсіподақтардың жұмыс істейтін жас әйелдерді қолдауға, олардың декреттік демалыс пен денсаулық сақтауға қатысты құқықтарын қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтып, отбасы мен еңбек арасындағы теңгерімнің маңыздылығын атап өтті.
Семинар әйелдер денсаулығын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және кәсіподақтардың әлеуметтік қолдауын көрсету бағытында өте пайдалы және нәтижелі өтті.
Семинар барысында қатысушыларға арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, репродуктивті денсаулық пен қауіпсіз жүктілікке қатысты алдын алу шаралары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, жас қыз-келіншектердің жиі жіберетін қателіктері мен олардан туындайтын денсаулық тәуекелдері де нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Бұл ақпараттар жастардың медициналық сауатын арттыруға бағытталды.