ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы онлайн-форматта өтті. Жиынға ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысты. Беларусь елінің президенті өз сөзінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін енгізуге байланысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

«Бізге жақын халық — Қазақстан елінің, орталық Азия республикаларының маңайында жағдайды тұрақсыздандыруды көздегендер шектен тыс көбейіп кетті. Жақында бұған Ауғанстан қосылды. Қазақстанның шекарасында халықаралық террористер аз емес. Біздің посткеңестік республикаларда осы теріс үрдістерді жеңу үшін, қазіргі Қазақстан жағдайында, бұл мәселені тек Қазақстан шеңберінде шешу мүмкін емес, тіпті аумағы бойынша алып мемлекет болса да. Көріп отырғанымыздай, бір-бірімен туыс Қазақстан мен Қырғызстан бұрыннан жинақталып қалған мәселелерді, сондай-ақ посткеңестік кезеңде туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге тырысуы қажет, мен бұған сенімдімін», — деді Беларусь басшысы. Лукашенко Өзбекстанның да осы жағдайдан белгілі бір сабақ алуы тиіс екенін атап өтті. «Беларусьте орын алған жағдайдан соң, бізге белгілі болғандай, мұнда ішкі себептер де болған деп ойлаймыз. Егер біз жағдайдың мәнін түсінбесек, барлығын сыртқы факторларға жаба салсақ, бәрі қайталануы мүмкін. Террористер мен экстремистердің тыныш жатқан ошақтары бір сәтте шығуы мүмкін», — деді Беларус президенті. Лукашенконың сөзінше, Қазақстанда әрекет еткен террористердің негізгі құрамы — кәсіби содырлар. Ел билігінің алдында оны кім ұйымдастырғанын анықтау жұмысы тұр. Беларус басшысы елімізге ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерін енгізуге қатысты ойын айтты. «Әскердің енуі ұйымдастырушылардың жоспарын бұзды. Бізге жағдайды бақылап, оның алдын алу үшін әрекет ету керек, осындай салдарға әкеп соғуы мүмкін болжалды себептерін болдырмауымыз керек. Бітімгершілік контингентіне оккупанттар ретінде қараудың қажеті жоқ. Біз басқыншы емеспіз, біз өз қалауымызбен келген жоқпыз, бізді осы үлкен елге жауапты бауырымыз, досымыз шақырды», — деді Александр Лукашенко. Өз сөзін қорытындылай келе Лукашенко ҰҚШҰ мүше мемлекеттеріне Беларусь елі қашан да ҰҚШҰ-на көмекке әзір екенін, ел билігі бұрын жасасқан келісім-шарттарға адал екенін жеткізді.