ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА МЕКТЕП – «SITY SCHOOL» КӘСІПОДАҚҚА ҚОСЫЛУҒА ҚҰЛШЫНЫС БІЛДІРУДЕ

11

«SITY SCHOOL» ұжымы болашақта бастауыш кәсіподақ ұйымын құрып, «Ынтымақ» бірлестігіне мүше болуға қызығушылық білдірді. Бұл – білім саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтып, ұстаздардың заңды құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретін маңызды бастама. Осыған байланысты бүгін мектепке «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев арнайы барып, ұжыммен кездесті.

Кездесу барысында ол Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы туралы, кәсіподақтың мақсат-міндеттері, мүшелікке қабылдау тәртібі және жарна төлеу жүйесі жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Сонымен қатар, ол «Ынтымақ» салалық кәсіподағы құрамында Конаев атындағы мектептің бастауыш ұйымы тиімді жұмыс істеп жатқанын атап өтіп, «SITY SCHOOL» сынды жаңа оқу орнының да бұл қатарға қосылуы құптарлық қадам екенін айтты.

Жаңадан ашылған «SITY SCHOOL» мұғалімдерінің кәсіподаққа қосылуға ниет білдіруі – әлеуметтік қорғауға, әділдікке және ұжымдық қолдауға деген сенімнің көрінісі. Ұжым алдағы аптада келісімшарт жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

Бұл бастама Шымкенттегі білім саласындағы кәсіподақ қозғалысына тың серпін беретіні сөзсіз.

Кездесу барысында ұстаздар қауымы өздерін мазалап жүрген бірқатар сұрақтарды қойып, кәсіподақ тарапынан көрсетілетін құқықтық көмек, әлеуметтік кепілдіктер және еңбек дауларын шешу механизмдері туралы нақты мәлімет алды. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелігінің ұстаздар арасындағы бірлік пен ынтымақты арттыратыны, бұл өз кезегінде мектеп ұжымының жұмыс сапасына оң әсер ететіні айтылды.

Кәсіподақтар орталығының төрағасы ұжыммен алдағы уақытта бірлесіп өткізілетін оқыту семинарлары мен құқықтық тренингтер жайында жоспарлармен бөлісті. Бұл бастама «SITY SCHOOL» ұстаздарының еңбек қатынастарына қатысты білімін арттыруға және олардың әлеуметтік белсенділігін күшейтуге бағытталған. Осындай өзара ықпалдастық мектептің ішкі мәдениетін нығайтуға және ұстаздардың қауіпсіз еңбек жағдайларына қол жеткізуіне жол ашады.