Бүгін Д. Қонаев атындағы мектеп ұжымы үшін ерекше күн болды. Оқу ордасына «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің және «Ынтымақ» салалық кәсіподағының төрағасы Бауыржан Алтеев арнайы келіп, құрмет көрсетті.
Ол мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, ұжымның ынтымағын нығайтуға үлес қосқан Сапарова Ақтолқын мен білім беру саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан Режепова Алиманы 55 жасқа толған мерейтойларымен құттықтады.
Сонымен қатар кездесу кезінде Бауыржан Алтеев келесі мәселелерге тоқталды:
- Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 27-съезінде талқыланған бастамалар мен қабылданған шешімдер жөнінде;
- жуырда өткен кәсіподақ мүшелерінің «Ынтымақ» жүгірісі туралы. Ол бұл шараға салалық және жергілікті ұйымдардан 500-ден астам адам қатысқанын айтып, мұндай бастамалардың ұжымдық ауызбіршілікке, салауатты өмір салтын дәріптеуге және белсенділікті арттыруға ықпал ететінін жеткізді;
- 6 қазан – Кәсіподақтар күніне орай Шымкенттегі «Көрме» орталығында өтетін салтанатты жиын жайлы ақпарат берді.
Құттықтау кезінде ол Ақтолқын Сапарованың кәсіподақ жұмысын ұйымдастырудағы жүйелілігі мен мұғалімдер мен қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық мүдделерін қорғаудағы белсенділігін атап өтті. Сондай-ақ, Алима Режепованың жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегіне алғыс білдірді.
«55 жас – тәжірибе мен еңбектің толысқан кезеңі. Сіздердің мектепке және кәсіподақ қозғалысына қосқан үлестеріңіз – әріптестер үшін үлгі. Біздің басты міндетіміз – мүшелердің құқықтарын қорғау мен қолдау. Бұл бағытта
Д. Қонаев атындағы мектеп бастауыш ұйымы белсенді жұмыс істеп келеді», – деді Бауыржан Алтеев.
Ол мерейтой иелеріне құттықтау хаттары мен бағалы сыйлықтар табыстады. Ұжым да өз тарапынан жылы лебіздер білдірді. «Ынтымақ» бар жерде – береке бар!