ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ӘКІМДЕРДІҢ ЖҰМЫС КӨРСЕТКІШІ ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАРДЫ КӨБЕЙТУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУМЕН ӨЛШЕНЕДІ»

639
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынады. Сонымен бірге аулданның инфрақұрылымын жақсарту, жұмыс орындарын ашу бағытындағы жоспарлар жалғасады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
– Мемлекетті дамытатын жастарды тәрбиелеу үшін білім саласына айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. Былтыр Сарыағаш ауданына 4 мектептің құрылысы аяқталды. Биыл 3 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, былтыр 11 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 1,1 млрд. теңге қарастырылып, жұмыстар жүрді. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында Сарыағашта 10 мектептің құрылысы жүреді. Сарыағаш ауданында кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік жоғары. Географиялық тіиімді аймақта орналасқан. Агросаланы дамытуға әлеуеті жетеді. Жуырда ірі инвесторлармен кездестік. Олар Сарыағаш ауданында бірнеше жобаны ұсынып отыр. Әкімдердің жұмыс көрсеткіші инвестиция тарту, кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын ашумен өлшенеді. Аудан әкімі осы бағытта жұмысты күшейтуі тиіс, – деген Дархан Сатыбалды жылыжай шаруашылығына да қолдау күшейетінін, шаруаларға көмір жеткізу ісі жүйеленетінін, облыс әкімдігі тарапынан осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын да атап өтті.
Кездесуде тұрғындар мектеп салу, жол жөндеу, кәріз жүйесін реттеу, көпірді жөндеу, газ бен су, стадион салу мәселелерін көтерді. Жеке қабылдауда да өзекті түйткілдер тарқатылды. Облыс әкімі Сарыағашта орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу бойынша жұмыс атқарылатынын, 14 көпқабатты үй болашақта орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатынын айтты. Ал қазір көпқабатты үйлерді ертерек пайдалануға беру мақсатында уақытша 3 септик орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге аудандарда қолданылмай жатқан жайылым жерді халыққа ортақ пайдалануға беру бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді. Газ мәселесі де назарда тұрғанына тоқталды. Әрбір өтініш пен ұсыныс хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.
Былтыр облыс басшылығының тұрғындармен кездесуінде сарыағаштықтар көтерген мәселенің біразы шешімін тапты. Атап айтсақ, Сарыағаш қаласындағы Майлықожа көшесінің жолына 130 млн. теңге қаралып, жөнделді. Жылға елді мекеніндегі С.Сейфулин атындағы №12 жалпы орта бюджеттен 539 млн. теңге қаралып, 150 орындық қосымша ғимараты тапсырылды. Былтыр 1,6 млрд. теңгеге 38 ішкі жолға (40 шақырым) орташа жөндеу және 22 ішкі жолға шағал тас төсеу (43 шақырым) жұмыстары жүргізілді.
Сарыағаш ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 31 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 6 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 27 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 10 млрд. теңгеге артып отыр. Былтыр 1,4 млрд. теңгеге жаңа 2 инвестициялық жоба іске асырылған. Ауыл шаруашылығы саласында 119 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету жалғасып, ауданда маңызды жобалар жүзеге асырылады деп күтіліп отыр.
Осы жұмыс сапарында Дархан Сатыбалды «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашылу салтанатына қатысты. Мұнда зейнет жасындағы тұрғындар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ем алуына, тынығуына жағдай жасалған. 14 маман қызмет көрсетеді. Орталықта күніне 70 зейнеткерге тиісті қызмет көрсетіледі. Ал бір жылда 2500 ардагерге сауықтыру шаралары жүргізілмек. Бұдан бөлек, орталықта күніне 50-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматқа әлеуметтік-сүйемелдеу қызметтерін көрсету жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі