ӨМІРБАЯНЫ
Мен Кубеев Данияр Абдумутәліпұлы, 1988-жылы 11-шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, бұрынғы Жамбыл совхозында дүниеге келдім. 1995-жылы Алматы қаласында №146 мектепке 1-сыныпқа қадам бастым. 2006-жылы Қазығұрт ауданындағы мамандандырылған «Дарын» мектебінің түлегі атандым. Сол жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің физика факультетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығына оқуға түсіп, 2010-жылы тәмамдадым. 2011-жылы Алматы Экономика және Статистика Академиясында экономика факультетінің «Бизнес және Қаржы» мамандығына оқуға түсіп, 2014-жылы мамандық иегері атандым. 2019-жылы Назарбаев Университетінің Жоғары Бизнес мектебінің «Шағын және орта бизнестің топ-менеджменті» бағдарламасын оқып, сертификатқа ие болдым.
Еңбек жолымды алғаш 2010-жылы «Компания SERPER Invest» ЖШС-нде жүйе администраторы болып бастадым. 2011-2012 жылдары Алматы қаласында «BI-Consulting» ЖШС-да SAP консультант болып, 2012-2013 жылдары Астана қаласында «IQON» ЖШС-да Консультант-аналитик болып қызмет атқардым. 2013-2018 жылдар аралығында «Компания SERPER Invest» ЖШС-ның директоры қызметін атқардым. 2019-2020 жылдар аралығында Атырау қаласында «CONSOLIDATED CONTRACTING ENGINEERING & PROCUREMENT S.A.L. – OFFSHORE» ЖШС-ның сапа бақылау инспекторы қызметін атқардым. 2020-жылдың ақпан айынан бастап «Компания SERPER Invest» ЖШС-ның директоры қызметін бүгінгі таңға дейін атқарып келемін.
Жұбайым – Махмутова Женисгуль Казбековна, 3 ұлым, 1 қызым бар.
«Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, тұрғындардың талаптары мен тілектерін, мұң-мұқтаждарын атқарушы билікке жеткізіп, табандылық көрсету арқылы өзекті мәселелерді бірігіп шешуге, билік пен халықты Елбасы ұсынып отырған демократиялық үрдістердің салтанат құруына үндеп, жаңа кезеңнің жаңа талаптарына сай еңбек ету – басты мақсатым деп санаймын.
Дүние жүзін жайлаған пандемия бізге өмірдің барлық салаларына қатысты көзқарасымызды түбегейлі қайта қарау керектігін көрсетті. Ел экономикасын көтеруге мүмкіндік беретін нақты бастамалардың жүзеге асырылуына атсалысуды мақсат еттім.
1) Медицина қызметі барлық тұрғындарға, әлеуметтік жағдайына, қызметіне, қоғамдағы орнына қарамай, бірдей қолжетімді болуы керек. Аудан көлемінде науқастарға қолданылатын дәрі-дәрмектің қорын жасақтауға, елді мекендердегі амбулаториялық емханаларды медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, жедел-жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында қызмет ететін ескі көліктерді жаңартуға ықпал етемін.
2) COVID-19 пандемияның салдарынан елімізде шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа үлгісін дайындау қажеттілігі туындауда. Осы бағытта жаңа жобалары бар кәсіпкерлерге көмек беріп, атап айтқанда, бизнес жоспарларын жасауға, кәсіби біліктілігін арттыруға, мемлекет тарапынан тегін оқу курстарына жіберуге, төмен пайызды несиемен жобаларды қаржыландыруға, техникаларды лизингіге алуға, олардың құнын субсидиялауына ықпал жасауымыз керек.
3) Ауылды жерлерде асыл тұқымды мал басының үлесін арттырып, қара мал сүтінен жасалынатын өнімдерін шығаратын шағын зауыттар мен мал бордақылау алаңдарын ашуға, «Қазығұрт индустриалды аймағының» жеңілдіктерін пайдаланып жаңа кәсіпорындар ашуға мемлекет тарапынан жағдай жасалуына ықпал етемін.
4) Кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімімен бірлесіп, кәсіпкерлердің аудандық ақпараттық орталық жұмысын жандандыру қажет.
5) Ауданымыздағы әр мектептің заманга сай компьютерлермен толық жабдықталуын, сондай-ақ, әр бір ауылымыздың сапалы интернет жүйесімен қамтамасыз етілуін басты назарда ұстауымыз керек.
6) Зейнеткерлер мен ардагерлердің, көп балалы отбасылардың, мүгедектердің, тұрмыс жағдайы төмен жанұялардың мұң-мұқтаждарын жауапты мемлекеттік органдарға жеткізе отырып, оң шешімін табуға, кәсіпкерлердің демеушілік көмек көрсету шараларын күшейтуге ықпал жасаймын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деп айтты. Өз тарапымнан ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуды негізгі перзенттік парызым деп санаймын. Бүгінгі жағдайда халықтың әлеуметтік ахуалын төмендетпей, ел экономикасының деңгейін қалыпты ұстап, тұрғындар әлеуетін тұрақтандыру үшін мемлекетіміздің қаржылық, кадрлық, басқарушылық мүмкіндіктері жеткілікті деп есептеймін. Жоғарыда айтылған ұсыныстарым мен пікірлерімді тиісті мемлекеттік органдардардағы қызметкерлермен бірлесіп кезең-кезеңімен шешуді қолға аламын.
Қазығұрт ауданы