Шымкентте Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл күн еңбек адамын ардақтап, кәсіподақ қозғалысының маңызын атап өту күні болып табылады. Биыл Қазақстанның кәсіподақ қозғалысына 120 жыл, ал ҚР Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толды. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы С.Дәулеталин бейнеқұттықтауында кәсіподақтардың ел ішіндегі орны мен жұмысшылар құқығын қорғаудағы маңызын, әлеуметтік әріптестік пен бірлікке қосқан үлесін атап өтті.
Жиында сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының тарихы мен қазіргі жетістіктерін баяндайтын бейнематериал көрсетілді. Бұл бейнероликте Қазақстандағы кәсіподақ жүйесінің қалыптасу жолы, тәуелсіздік жылдарындағы реформалар мен жаңа бастамалар жайында айтылды. Сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысының негізін қалаушылар, ардагерлер Д.Шерімқұлов пен В.Ващенко өз естеліктерімен бөлісіп, еңбек жолдарының маңыздылығын атап өтті. Валентина Ващенкоға Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойына арналған «120 жыл» естелік медалі табысталды.
Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Б.Алтеев жиында ұйымның соңғы жылдардағы жетістіктерін жариялап, 5 жыл ішінде 43 отырыс өткізіліп, жұмыс берушілер мен билік арасында 93 маңызды мәселе қарастырылғанын атап өтті. Оның ішінде 31 мәселе кәсіподақ бастамасымен көтерілген. Сонымен қатар, өндірістік жазатайым оқиғалар саны 21%-ға азайғаны, бұл көптеген адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік берген маңызды нәтиже екені айтылды. Бауыржан Ілімшаұлы 3500-ден астам азамат құқықтық оқытудан өтіп, кәсіподақ мүшелерінің өз құқықтарын білуіне жол ашылғанын атап өтті. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында кәсіподақ орталығы 369 рет жергілікті ұйымдарға барып, 120 мәселені жедел шешкенін де тілге тиек етті.
Қала Мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов өз сөзінде еңбекті қорғау мен еңбек адамына құрмет көрсету мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, қала әкімінің және қалалық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыстады. Жиында сондай-ақ кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін», «Еңбек озаты» сияқты марапаттар да табысталды. Бұл марапаттар білім, денсаулық сақтау, мәдениет, көлік және мемлекеттік қызмет салаларындағы кәсіподақ мүшелеріне берілді.
Мереке барысында «SENIM» салалық кәсіподағының құрамындағы Қан орталығы бастауыш ұйымының төрайымы Дана Сайлаубекқызы сөз сөйлеп, кәсіподақтың жастар белсенділігі мен ұжымдық келісімдердің тиімділігін атап өтті. Жастардың кәсіподақ жүйесіне қосылуы болашақ үшін маңызды қадам екенін айтты. Кәсіподақтардың тек еңбек шарттарын қорғаумен шектелмей, сонымен қатар ұжым ішіндегі мәдени-рухани жұмыстар мен әлеуметтік жобаларға да үлес қосып отырғаны айтылды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, қаланың өнерпаздары мен мәдениет саласының кәсіподақ мүшелері қатысқан өнер кеші жоғары деңгейде өтті. Осылайша, жиын кәсіподақ қозғалысының шынайы күшке айналғанын, еңбек адамын құрметтеу және кәсіподақтардың елдегі әлеуметтік әріптестік рөлін көрсету қажеттігін тағы да бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан кәсіподақтары жаңа ғасырда да ел игілігі үшін қызмет етіп, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің негізі болып қала бермек.