Шымкентте сарбаздарға сарқыт үлестірілді

1584
Бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері 6506 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаздармен кездесу өткізді. Іс-шара аясында ақ жаулықты аналар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері әскер қатарына жаңадан қабылданған сарбаздарға мерекелік сарқыт таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында ұйымдастырылған шара биыл «Мейірімділікпен бірлікке!» ұранымен басталды. Игі шарада қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов пен бірқатар этномәдени бірлестік төрағалары сөз сөйлеп, қайырымдылық жасаудың маңызына тоқталды.
«Сарқытты қазақ халқы «үлкен кісілердің жолын берсін, абыройын берсін» деген ырыммен жастарға жегізген. Осыны ескерген Ассамблея мүшелері Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға елден сәлемде ретінде бауырсақ, құрт, ірімшік, жент-талқан сынды ұлттық тағамдарымызды үлестірдік. Ынтымағы ырысты, бірлігі бекем елімізді қорғауда табандылық пен ерік-жігер тіледік», — деді қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова.
Шара барысында сарбаздар сондай-ақ «Көркем» әжелер тобы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Ассамблея мүшелерінің сөзінше, жыл соңына соңына дейін жалғасатын қайырымдылық іс-шаралары аясында ай сайын арнайы атаумен қайырымдылық істері жасалады. Мәселен.,  қарттар мен жетімдерге, науқас азаматтар мен көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөлінбек.  Материалдық көмек көрсетіледі. Оған ассамблея жанындағы құрылымдар мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, этномәдени бірлестіктер мен өңірдегі меценаттар атсалыспақ.
Айнұр Ақбаева