Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Ержан Жиенбаев вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды.
Вице-президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.
Вице-президентті қызметінен Президент босататын болады.
Вице-президент:
– Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.
Сонымен қатар Вице-президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
Вице-президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.
Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.
Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.
Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.














