📍Түркістан облысында жылыжай шаруашылығының қарқынды дамуы экологиялық жауапкершілік мәселесін қатар көтерді. Қысқы маусымда жылыжайларды көмірмен жылыту тәжірибесі кеңінен қолданылып, ауаға зиянды шығарындылардың артуына себеп болуда. Бұл өз кезегінде қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесуде бұл мәселеге ерекше тоқталды. Аймақ басшысы кәсіпкерлерді экологияға жауапкершілікпен қарауға шақырып, саланың болашағы тек экономикалық тиімділікпен емес, экологиялық тепе-теңдікпен де байланысты екенін нақты айтты. Облыс басшысы жылыжай өндірісі табысты сала болғанымен, экологиялық жауапкершіліктің бірінші орында тұру керектігін атап өтті.
📌– Жылыжай – тек табыс көзі емес, үлкен жауапкершілік. Көмірден шығатын зиянды қалдықтар қоршаған ортаға да, халық денсаулығына да әсер етеді. Сол себепті кәсіпкерлер бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Субсидия, жеңілдетілген несие, энергия шығындарын өтеу мүмкіндігі бар. Бірақ ең бастысы, әрбір кәсіпкердің өз жауапкершілігін сезінуі қажет. Экология мәселесі баршамызға ортақ мәселе. Сондықтан әрбір шаруашылық заманауи технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға жанашырлық танытуы тиіс. Түтін сүзгілерін орнату және газға кезең-кезеңімен көшу маңызды мәселе. Біз тек табыс үшін емес, келер ұрпақ үшін де жауаптымыз, – деді Нұралхан Көшеров.

🔰Түркістан облысы еліміздегі жылыжай шаруашылығының ең қарқынды дамыған өңірлерінің бірі саналады. Республикадағы жылыжайлардың 72 пайызы осы аймаққа тиесілі. Жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын 3366 бірлік жылыжай халықты жұмыспен қамтып, ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.
🔰Сарыағаш ауданында 2183 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде 551,8 гектары (1223 бірлік) көмірмен, 7,5 гектары (3 бірлік) табиғи газбен, ал 247,9 гектары (957 бірлік) қарапайым парниктер ретінде қызмет етеді. Сарапшылар экологиялық жүктемені азайтудың тиімді жолдары ретінде жылыжай қазандықтарына түтін сүзгілерін орнату және табиғи газға кезең-кезеңімен көшу қажеттігін ұсынады. Мұндай сүзгі жүйелерінің құны шамамен 1 гектарға 4–5 млн теңге.
🔰Өңірде бұл бағытта нақты шаралар қолға алынуда. Облыстық экология департаменті, табиғатты қорғау прокуратурасы, «Атамекен» ҰКП, «QazaqGaz» АҚ және жылыжай шаруашылықтарының өкілдері бірқатар жұмыс кездесулері өткізіп, мәселеге нақты шешімдер қабылдауда. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу мақсатында көрші елдерде орналасқан жылыжай кешендеріне жұмыс сапары ұйымдастырылып, заманауи түтін сүзгілерінің тиімділігі зерделенді.
🔰Мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өндірістік жылыжайларға әр гектарға 8,1 млн теңге, фермерлік жылыжайларға 4,8 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылған. 2023 жылдан бастап электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау тетігі енгізілді. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылыжайларды жаңғыртуға жеңілдетілген несиелер ұсынылуда. Қазіргі таңда түтін сүзгілерін орнатуға қатысты 100-ден астам өтінім түскен.
🔰Жалпы, Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамыту мен экологиялық талаптарды сақтау қатар жүргізілуде. Бұл жұмыстар өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі















