Шымкенттік оқушылар әлем чемпионатында бірінші орын иеленді!
Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада тағы бір тарихи
жетістікке қол жеткізді. АҚШ-тың Хьюстон қаласында 2026 жылғы 29 сәуір
мен 2 мамыр аралығында өткен FIRST World Championship робототехника
жарысында Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы жаратылыстану-
математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің OVERTIME
командасы жоғары нәтиже көрсетті.
Әлемнің 336 үздік командасы қатысқан беделді додада Назарбаев
Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құрылған OVERTIME командасы Reach
Award Winner – 1st Place номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, чемпион
атағына ие болды.
FIRST World Championship-робототехника мен инженерия
саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі. Аталған чемпионат
қатысушылардың техникалық білімін ғана емес, олардың сыни ойлау
қабілетін, командалық жұмысын және күрделі жағдайларда тиімді шешім
қабылдау дағдыларын жан-жақты бағалайды.
OVERTIME командасының ерекшелігі олардың робототехниканы тек
жарыс шеңберінде шектемей, оны әлеуметтік маңызы бар жобалармен
ұштастыруында. Команда мүшелері:
• зағип жандарға арналған Брайль қарпіндегі тактильді кітап әзірлеп,
«Үміт» мектебіне сыйға тартты;
• есту қабілеті шектеулі жандарға арналған Soyle атты ақылды көзілдірік
жасады;
• мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған танымдық кітаптар
дайындады.
Аталған жобалар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын
жақсартуға және қоғамда инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған. Бұл жеңіс
тек OVERTIME командасының ғана емес, Шымкент қаласының және бүкіл
Қазақстанның ортақ жетістігі. Оқушылардың табысы еліміздегі жас буынның
жоғары әлеуетін және STEM бағытындағы білім берудің тиімділігін айқын
көрсетеді.
Қосымша ақпарат үшін:
Байланыс телефоны: +7 707 358 48 57
Мекенжай: Шымкент қ., Нұрсәт 1А
Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі














