Депутаттар күштеп қосылатын ақылы жазылымдарға байланысты мобильді операторларды тексеруді талап етті

69

Депутаттар жасырын түрде ақша шешіп, күштеп қосылатын жазылымдарға байланысты мобильді операторларды тексеруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Ақ жол” фракциясының депутаты премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сауал жолдады. Ол мобильді операторларды тексеруді сұрады. Мұндай өтініш білдіруге қазақстандықтардың жасырын ақша шешу мен күштеп қосылатын ақылы сервистерге қатысты шағымдары себеп болған.

Депутат Олжас Нұралдиновтың айтуынша, жұртшылық Kcell және Activ абоненттері үшінші тараптың ақылы сервистері нақты келісімсіз қосылатынына шағымданған. Мұндай қызметтердің қатарында Fun Online, My Games, “Марафон желаний”, Cinema Games, New Happy Bonus және басқа да жазылымдар бар.

Депутаттың сөзінше, бұл сервистер күн сайын ақша шешіп отырады. Алайда абоненттердің көбі нақты не үшін төлеп жатқанын түсінбейді.

“Соның салдарынан азаматтар айлар бойы баланстағы қаражаттың не себепті азайып жатқанын түсінбей, ақшасынан айырылып жатады. Мұндай қызметтерге қатысты шағымдар кемінде былтырдан бері түсіп келеді. Сол кезде БАҚ-та Kcell АҚ басшылығы мұндай сервистерге қатысты компания саясатын қайта қарайтынын айтқан еді. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілмей отыр”, – деді Олжас Нұралдинов.

Депутат Beeline Kazakhstan компаниясына да наразылық білдірді. Оның мәліметінше, егер абоненттің тарифтік жоспарды төлеуге ақшасы жетпесе, оператор қызметті тоқтатпай, клиентті автоматты түрде қымбат мегабайттық тарификацияға ауыстырады.

“Мысалы, тариф құны сегіз мың теңге болып, шотта бес мың теңге қалса, оператор жетпейтін соманы толықтыру мүмкіндігін ұсынудың орнына абонентті автоматты түрде қымбат мегабайттық тарифке ауыстырады. Мұндай жағдайда адам SMS-хабарламаны байқамай қалуы мүмкін және интернетті мүлде басқа шарттармен пайдалана береді. Соның нәтижесінде шоттағы қалған бес мың теңге бірнеше сағаттың ішінде-ақ таусылып қалуы ықтимал”, – делінген сауалда.

Депутаттың пікірінше, оператор абонентті қымбат тарифке оның нақты келісімінен кейін ғана ауыстыруы керек.

Сонымен қатар депутат операторларды қосымша мен жеке кабинетте барлық ақылы қызмет пен ақша шешу туралы ақпаратты басты бетте көрсетуге міндеттеуді ұсынды.

“Абонент қандай жазылым қосылғанын, оның құнын, қаражат қаншалықты жиі алынатынын, қызметтің қашан қосылғанын және оны бір батырмамен қалай өшіруге болатынын бірден көруге тиіс. Бұдан бөлек, пайдаланылмаған интернет трафикті есептен шығару тәртібін қайта қарау керек. Төленген, бірақ қолданылмаған интернет трафиктің кем дегенде бір бөлігі келесі айға ауысуы қажет”, – деді депутат.

Депутат үкіметтен мобильді операторлардағы жасырын ақша шешу мен ақылы сервистерді тексеруді сұрады. Оған қоса абоненттің нақты келісімінсіз қызмет қосуға тыйым салуды ұсынды. Клиенттің келісімінсіз қымбат тарифке ауыстыруды шектеуді және аванстық баланс толықтыру кезіндегі комиссиялардың заңдылығын тексеруді сұрады.