Әр шақырымы – 1 доллар: Қазақстандағы аэротакси бағасы белгілі болды

69

Alatau City компаниясының өкілдері аэротакси қызметінің бағасы премиум санаттағы таксимен шамалас болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Alatau City Authority компаниясының CEO-сы Әлішер Әбдіқадаровтың айтуынша, Қазақстан бұл бағытта әлемдік тәжірибеге сүйеніп отыр. Орташа есеппен бір жолаушы үшін тариф шамамен 1 доллар болуы мүмкін.

Әбдіқадаровтың сөзінше, аэротаксидің басты артықшылығы кептеліссіз жылдам қатынау мүмкіндігінде.

“Шетелде орташа есеппен бір жолаушының бір шақырым ұшуы шамамен 1 доллар тұрады (қазіргі бағам бойынша шамамен 450–460 теңге). Бізде де тарифтер осыған ұқсас болады. Бұл қазір қолданыстағы премиум санаттағы қарапайым такси бағасына сәйкес келеді. Сонымен қатар аэротаксидің басты артықшылығы кептелісті толық айналып өтіп, бір нүктеден екінші нүктеге тікелей жету мүмкіндігі”, – деді Әбдіқадаров.

Әбдіқадаровтың пікірінше, мұндай көлік түрі әсіресе туристер арасында сұранысқа ие болуы мүмкін. Болашақта бағыттарды тау кластеріне, Қапшағайға және туристік аймақтарға іске қосу жоспарланып отыр.

Аэротакси қандай бағыттар бойынша ұшады?

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жаңа көлік жүйесі Алматы агломерациясындағы және Алатау қаласындағы бірнеше маңызды нысанды байланыстыратынын айтты.

Сынақ бағыттарына мыналар енгізілген:

  • Алматы халықаралық әуежайы;
  • мегаполистің теміржол вокзалдары;
  • тау туризмі кластері (курорттар);
  • Қапшағай су қоймасы.

“Биыл тіпті күтпеңіздер”

Инфрақұрылым дайын болғанымен, ұшатын таксилер жолаушыларды бірден тасымалдай алмайды. Вице-премьердің айтуынша, 2026 жыл толықтай жаңа техниканы Қазақстан климаты жағдайында қатаң сынақтан өткізуге арналады.

“Биыл біз жолаушысыз ұшамыз, себебі маршрут өте көп. Бұл қауіпсіздік мәселесі. Барлық бағытты сынақтан өткізіп, қандай биіктікте ұшу қажет екенін, жоғары вольтты желілер мен аэромагнит өрістердің әсерін тексеру керек. Аэротакси төрт мезгілдің климатын толық сынақтан өткізуге тиіс. Сондықтан биыл тіпті күтпеңіздер, мініп үлгермейсіздер”, – деді Бозымбаев.

Егер 2026 жылы ауқымды сынақтар сәтті аяқталса, жолаушыларды тасымалдайтын алғашқы коммерциялық рейстерді 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр екен.

Үкіметте бұл жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлуді талап етпейтіні де айтылды. Қазақстандағы аэротакси жобасы толықтай жеке инвесторлардың есебінен қаржыландырылады. Олардың арасында ірі отандық компаниялар да бар. Сонымен қатар қауіпсіздік жүйесі мен ұшу стандарттарын әзірлеуге мұндай көлік түрі бұрыннан қолданылып келе жатқан Қытай мен АҚШ-тың тәжірибелі мамандары тартылған.