Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы Ринат Мұхаметқали Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, мәдениет және туризм саласының қызметкерлерімен кездесті.
Маңызды жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, жүргізді. Кездесу барысында өңірдің мәдени әлеуетін арттыру, туризм саласын дамыту және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Түркістанның еліміздің рухани және мәдени орталығы ретіндегі маңызына тоқталып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
– Ежелден өркениет пен руханияттың ордасына айналған қасиетті Түркістан өңірінің мәдени-рухани бағытта дамуы үшін жұмыстар атқарылуда. Рухани шаһарда ел үшін маңызды шешімдер қабылданатын жиындар көптеп өтуде. Жақында ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін абыроймен атқарып алдық. Осы айда Түркі Мемлекеттері ұйымының білім, ғылым министрлері мен жоғары сот төрағалары бас қосатын болады. Ал 2027 жылы Халықаралық ИСЕСКО ұйымының ұйғарымымен Түркістан ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Елдің абыройын көтеретін осындай игілікті істердің барлығы – мәдениет, руханият саласындағы қызметкерлердің еңбегінің жемісі деп сеніммен айта аламын. Өңірде көптеген мәдениет ошақтары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Түркістан қаласынан бөлек, облыстың басқа аймақтарында да мәдениет саласында оң өзгерістер байқалады, – деді ол.
Кездесуде өңірдегі мәдениет саласының даму көрсеткіштері де айтылды. Өткен жылы аудан, қалаларда 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл 10 мәдениет ошағының құрылысы жүргізілуде. Облыстық мәдениет мекемелері республикалық, халықаралық байқауларда өңір намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Сондай-ақ театрларда жаңа қойылымдар сахналанып, концерттік ұйымдар мазмұнды кештерді жұрт назарына ұсынып келеді. Биыл «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Европада өнер көрсетіп, ел даңқын асқақтатты. Бұдан бөлек, Түркістанда халықаралық деңгейдегі өнер фестивалдері, жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізіліп жатыр.
Кездесуге қатысушылар келелі ой-пікірлерімен бөлісіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында елдің рухани-мәдени әлеуеутін арттыру бағытында бірлесе жұмыстар атқарылатыны айтылды.














