Қазақстандағы алғашқы екі АЭС-ті кім салатыны белгілі болды

4

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен қытайлық CNNC бастаған халықаралық консорциумдар жауапты болатын Балқаш көлінің жағалауындағы алғашқы екі атом электр станциясы (АЭС) 2035 жылға қарай салынуы тиіс екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін атом электр станцияларын салу мәселесіне Энергетика министрлігі жауапты болған. Алайда кейін атом энергетикасы жаңадан құрылған Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің құзыретіне берілді.

«Бұл сұрақты Атом энергиясы жөніндегі агенттікке қойған дұрыс. Дегенмен Энергетика министрі ретінде түсіндіріп өтейін. Бірінші АЭС – “Балқаш” станциясы. Оны Ресейдің “Росатом” компаниясы бастаған консорциум салады. Ал екінші АЭС – “Мойынқұм” жобасы бойынша Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазір станцияның техникалық параметрлері, келісім шарттары мен құрылысты аяқтау мерзімдері талқыланып жатыр. Біз екі жобаны да 2035 жылға дейін аяқтаймыз деп сенеміз», – деді Ерлан Ақкенженов.

Алғашқы АЭС құрылысына жетекшілік ететін халықаралық консорциумның басшысы ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы таңдалды. 2025 жылғы қарашада Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының іргетасына бетон құю жұмыстары 2029 жылы басталуы мүмкін екенін айтты.

Бұған дейін алғашқы АЭС құрылысын 2035–2036 жылдары аяқтау жоспарланғаны хабарланған. Бастапқыда станцияны 2035 жылы іске қосу көзделген еді. Ал құрылыстың соңғы бағасы 15 миллиард доллар деп есептелді. Алғашында жоба құны 10 миллиард доллар болады деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын келесі жылы бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС құрылысына дайындықты жеделдетуді ұсынды.