Түркістан облысы озық ауыл шаруашылығы технологиялары мен халықаралық ынтымақтастықтың орталығына айнала отырып, агроөнеркәсіптік секторға инвестициялар тартуды жалғастыруда. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Корея елінен арнайы келген бір топ инвесторлармен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар бірқатар маңызды жобаларды жан-жақты талқылады.
Кәсіпкерлер құрама жем өндірісін дамытуға, ірі қара мал өсіруге және озық корей технологияларын қолдана отырып күріш өсіруге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаларды іске қосудың жоспарларын таныстырды. Жобаны іске асыру өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аграрлық секторға заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияны енгізудің маңыздылығын ерекше атап өткен өңір басшысы Түркістан облысының ерекше климаттық жағдайына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын жобалар туралы жоспарларымен бөлісті. Әкім халықаралық агроөнеркәсіп саласындағы мамандандырылған компаниямен екі жақты іскерлік қарым-қатынасты орнатуға ниетті екенін жеткізді.
– Бірлескен жобаларды облысымыздың оңтүстік өңірінде жүзеге асыруға болады. Ондағы бірнеше ауданның өзінде 1 миллионнан астам халық тұрады. Жұмыс күші жеткілікті. Қалдықсыз өндіріске қажетті өнімдермен өзіміздің шаруалар қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар бірегей технологиялық әдістермен жергілікті диқандармен тәжірибе алмасуға шақырамын. Біздің өңірдің халқы өте еңбекқор, жаңашылдықты жақсы қабылдайды, — деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиялары мен жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану жұмысы қарқынды жүруде. Өңір экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында өнім көлемі былтыр 1 трлн теңгеден асып, өндірілген өнім бойынша елімізде көш бастады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 896 мың гектарға егіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі