ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ АҚСАҚАЛДАРЫМЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

1509

Сайрам ауданында «Парасат» пікірталас клубы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері бірігіп, аудандағы өзекті мәселелерді шешуде. Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған ақсақалдармен жүздескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ел ағаларын аудандағы мәселелерді зиялы қауым өкілдерінің өз ауыздарынан тыңдап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында жиналып отырғанын айтты. Елге еңбегі сіңген абыз ақсақалдармен өткен кездесуде келелі әңгімелер айтылып, тұрғындарды мазалаған мәселелер талқыланды, — деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Сайрам ауданы халқы еңбексүйгіш, экономикасы дамыған, Түркістан облысында өзіндік орны бар, татулығы жарасқан, игі бастамаларға толы ауданның бірі. Сіздер халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрсіздер. Өздеріңізбен дидарласып, тапсырмаларыңызды тыңдау – мен үшін мәртебе. Сіздерден артық жергілікті мәселені білетін ешкім жоқ. Сіздер барын айтасыздар», – деді Өмірзақ Шөкеев.

   

Облыс әкімінің ақсақалдармен кездесіп, жергілікті мәселелерді талқылау дәстүрге айналды. Басқосу барысында карантин шаралары сақталуда. Кездесуде сөз алған ақсақалдар кез-келген туындаған жағдайды дер кезінде талқылап, шешімін табуға болатынын айтты. Өңірдегі өзен-көлдерді ластап, экологияға зиян келтіріп жатқан кәсіпкерлердің әрекетіне шағымданды. Облыс әкімі маңызды мәселені түбегейлі шешу үшін арнайы комиссия құрылатынын, табиғатқа зиян келтіргендердің әрекеті заң аясында тексерілетінін жеткізді.

Кездесуде облыс басшысы сансыз баптар мекені – Сайрам ауданының Түркістан қаласымен бірге дамуына күш салынатынын айтты. Шағын және орта бизнесті арттырып, инвесторлар тартып, инфрақұрылымды дамытуда нақты тапсырмалар берді. Тарихы терең өңірде зерттеу жұмыстарын жүргізуге басымдық беріліп, алда ғалымдар мен жастардың қатысуымен үлкен экспедициялар ұйымдастырылатынын айтты.

Басты бет