Пашинян Армения ЕО-ға кіруге шамамен қашан өтініш беретінін айтты

3

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияның Еуропа Одағына кіруге 2027-2028 жылдары өтініш беруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Армения үкіметінің басшысы бұл туралы 3 қарашада Брюссельде өткен ЕО-ның кеңеюі мәселелеріне арналған саммит аясында Euronews арнасына берген сұхбатында мәлімдеген.

Өтініш беру мерзімі туралы сұраққа жауап бере отырып, Пашинян бұл мәселе еуропалық серіктестермен де, Армения ішінде де талқыланып жатқанын атап өтті. Ол, сондай-ақ Ереван құжатты ресми түрде тапсыруға ғана емес, Брюссельмен алдын ала саяси диалогқа да мүдделі екенін жеткізді.

— Біз үшін жіберу түймесін басып, өтініш тапсыра салу ғана емес, процестің барлығы дәл осы мәселе бойынша саяси диалогпен қатар жүруі маңызды, — деп атап өтті премьер-министр.

Нақты мерзімдерге қатысты сұраққа берген жауабында 2027 жылды шынайы мерзім деп атап, 2028 жылға созылуы мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Сонымен қатар Пашинян ЕО-мен виза режимін жеңілдету жайындағы диалог Ереванның қазіргі басымдықтарының бірі болып қала беретінін мәлімдеді. Армения тарапы 2029 жылға қарай Еуропа Одағымен визасыз режимді енгізуге үміттенеді.

Премьер-министрдің айтуынша, Армения мен ЕО арасындағы қарым-қатынас екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткен.

Бұған дейін ЕО Армения экономикасын қолдау үшін бұл елден импортталатын тауарларға салынатын кедендік баждарды уақытша алып тастауға дайындалып жатқаны хабарланған болатын.