Еңбекші ауданы әкімінің қорытынды есебі өтті

2008
Шымкентте Еңбекші ауданы әкімі Ғалымжан Ильясовтың халыққа есеп беру жиыны №24 мектеп-лицейде қорытындыланды. Есептік жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерғали Егемберді, қалалық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. Аудан әкімі алдымен тұрғындар алдында атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауданда 2018 жылы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асқан.
Баяндамадан кейін қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Сатқанбаев есепті оң бағалап, өз ұсынысын айтты.
– Ауданда қуанатын жағдайлар, жетістіктер бар. Ескі қалашық маңындағы мәселелер шешіліп жатыр. Қошқарата өзені маңы абаттандырылды. Енді Фосфоршылар сарайын қаланың балансына алып, осыны ретке келтірсе, тамаша болар еді. Жалпы, атқарылған жұмыстар көңілге қонады. Білім, мәдениет  ошақтарына көңіл бөлейік. Алдымызда ауқымды мақсаттар тұр, — деді Еркін Тұрниязұлы.
Жарыссөзге шыққан аудан тұрғындары да есепті оң бағалап, өз ұсыныстарын айтты. Былтыр Тоғыс тұрғын алабындағы Мұнай барлаушылар көшесіндегі кәріз жүйесі мәселесі шешілді. Тұрғындар осыған дән риза. Енді спорт кешенін салып берсе дейді. Бадам өзеніндегі көпірді жөндеу мәселесін де қозғады. Жалпы, аудан тұрғындары инфрақұрылым, қоғамдық көлік, жер саласы және спорт кешендерін салу мәселелері бойынша сұрақ қойды. Қала әкімі бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін баса айтты.
– Жалпы, мәселелер нақтыланған. Сұрақтар да тиянақты қойылып жатыр. Енді мәселелерді тікелей Президент Әкімшілігімен, ҚР Үкіметімен бірлесе шешеміз. Бадам, Қарабастау, Жұлдыз елдімекендеріне көп қаржы бөлініп, мәселелер шешімін тапты. Биыл Бадам өзеніндегі көпірді салып береміз. Балалар ойын алаңшалары жасалады. Жарықтандыру, қоғамдық көлік мәселесі де биыл шешіледі. Маусымда 300 автобус әкелуді жоспарлап отырмыз. Фосфоршылар сарайы биыл қала меншігіне өтіп, оқушылар сарайына айналады. Фосфоршылар ауруханасын жөндеу де басты назарда тұр. Өздеріңіз білесіздер, Тоғыстағы кәріз жүйесін жасап бердік. Енді стадион салу көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша саламыз деген ұсыныстар болса, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Көксәйек, Қошқар ата өзені маңы мәселесі де кезең-кезеңімен шешіледі. Жалпы айтқанда, тұрғын алабтарды абаттандыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Сабыр етсеңіздер, уақыт берсеңіздер, барлық мәселені шешеміз, — деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.
Жалпы, аудан тұрғындары Ғалымжан Молдабайұлының есебіне оң баға беріп, жаңа жылда жаңа жетістіктерге жетсек деген тілектестігін, сенімін білдірді. Енді тұрғындар қаланы абаттандыруға бірлесе күш салмақ.
Дереккөз:ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ