Шымкентте бір тәулікте 250 жүргізуші жол ережесін бұзған

1085
Шымкенттік жол патруль полициясының қызметкерлері бір күннің ішінде қоғамдық көлікті тізгіндеп жол ережесін өрескел бұзған 250 жүргізушіге хаттама толтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл жағдай шаһарда өтіп жатқан «Автобус» жедел-алдын алу шарасы аясында анықталды. Жол патруль полиция қызметкерлері тоқтатқан қалааралық немесе аудан орталықтарына қатынайтын жолаушылар тасымалына жауапты қоғамдық көліктің көбі талапқа сай болмай шықты. Мәселен, автобустардың кейбірі жолаушы отыратын орындарға зат артып алған.
Ал өзге жүргізушілер автобус ішін рұқсатсыз жатын жайға айналдырған. Осы сияқты жол ережесін сақтамаған көлік иелеріне айыппұл салынды. Қалада өтіп жатқан  жедел-профилактикалық шара апта соңында қортындыланады. «Жол-патруль полиция полкінің қызметкерлері бір күнде 250 заңбұзушылықты анықтап, тәртіптік шара қолданды. Жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырылды.
Қоғамдық көліктердегі басты мәселе — жолаушылар тасымалдауға орындықтар сәйкес келмейді. Рұқсатсыз жатақ орын жасап қойған. Сол бойынша 590-баптың 7-тармағы бойынша әкімшілік құқықтық хаттама толтырылып, жүргізушілерге ескертіліп жатыр», — дейді қалалық ПД жол-патруль полиция полкінің командирі Мұхтар Бұхарбаев.