ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

1466
ҚР Президентінің 2016-жылғы 5-ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына орай, Қазығұрт ауданы әкімі Т.Телғараев алдымен Қ.Әбдалиев, содан соң Шанақ ауылдық округі тұрғындарының алдында есеп берді. Аталған қос ауылдың әкімдері О.Қазыбаев пен Е.Жорабаев та өткен жылдың қорытындысын, ағымдағы жылы атқаратын жұмыс жоспарларын баян етті.
Өткен жылға аудан бюджетінің жалпы көлемі 17100,0 миллион теңгеге бекітілсе, оны нақтылау барысында 3634,0 миллион теңгеге артып, жылдық жоспар 20734,0 миллион теңгені құрады. Бюджет қаржысы жылдың қорытындысында 100,0 пайыз толық игерілді.
Ауданда шағын және орта бизнес қарқынды дамып, өткен жылы 32 шағын жоба іске қосылып, 288 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Білім беру саласы бойынша, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында өткен жылы «Қызылсеңгір» жалпы орта мектебі мен Б.Құдайназаров атындағы негізгі орта мектебінің және Қазығұрт ауданының 90 жылдығына орай, Болашақ мөлтек ауданында балаларға арналған Өнер мектебінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта республикалық бюджет есебінен «Жылыбұлақ», М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептерінің, облыстық бюджет есебінен «Заңғар», «Тілектес» жалпы орта мектептерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Спорт саласы бойынша, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен жылы ауданымызда спорт нысандарының саны 270-ке жетті. Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай, Болашақ мөлтек ауданында 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Аудан спортшылары үлкенді-кішілі түрлі чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысып, қоржынымызға 39 алтын, 72 күміс, 124 қола медаль түсті.
Мәдениет саласы бойынша, Қ.Өміралиев атындағы орталық кітапханада оқырмандар мен келушілерге заманауи талапқа сай қызмет көрсету мақсатында 4,5 миллион теңгеге коворкинг орталығы ашылды. Қ.Әбдалиев ауылдық округінде Еңбекші елдімекеніндегі клуб аудандық бюджет есебінен күрделі жөндеуден өтті.
Ауыз су бойынша, ауданда 64 елдімекеннің 42-сі ауыз су құбырымен қамтылған. 2018-жылы 8 елдімекенге орталықтандырылған су құбырын жүргізуге қаржы қаралып, жұмыстар атқарылса, оның ішінде Шанақ ауылдық округіне қарасты сонау шалғайдағы Ескі Шанақ елдімекені де бар.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша, өткен жылы 9 елдімекендегі ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл орайда Қ.Әбдалиев ауылдық округінен Еңбекші мен Қ.Мәмбетұлы елдімекендері, ал, Шанақ ауылдық округінен Ақжар елдімекені қамтылды. Сондай-ақ, өткен жылы аудандық бюджет есебінен ағымдағы жөндеуге Қ.Әбдалиев ауылдық округінен Қызылдала елдімекеніне қаржы бөлініп, атқарылып шықса, ағымдағы жылы Рабат және Аманкелді елдімекендеріне қаржы қаралып отыр.

Автомобиль жолдары бойынша, Қ.Әбдалиев ауылдық округінде Атбұлақ-Қызылкезең-Ақпан жолы асфальтталса, Шанақ ауылдық округінде Ақжар-Шанақ –
Шанақ бекеті, Шанақ-Бақабұлақ жолдарын күрделі жөндеуге ЖСҚ-ы әзірлеуге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Электр жарығымен қамту бойынша, аудан көлеміндегі елдімекендерде ескі жарық желілері мен электр бағаналары ауыстырылып, қуатты жаңа трансформаторлар кезегімен қойылуда. Өткен жылы Қ.Әбдалиев ауылдық округіндегі Рабат елдімекенінде Ақпан батыр, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ж.Әбенов, Объедков және Нышанов көшелерін, Шанақ ауылдық округінің орталығындағы Нұржан болыс және Қаныбек Бекқұлов көшелерін жарықтандыруға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қ.Әбдалиев ауылдық округі, Атбұлақ елдімекенінде өткен жылы 17 пәтерлі, 1 қабатты қызметтік тұрғын үй құрылысы басталған-ды, ол ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қ.Әбдалиев ауылдық округі орталығындағы есеп беру жиынында ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Сүлеймен, Атбұлақ ауылының биі Ә.Тәшімбет, мәслихат депутаты С.Батырбай, зейнеткерлер С.Жұман, Т.Тойшиев, Т.Тоқсанбаев және тағы басқалар сөзге шығып, П.Тәжібаева атындағы жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратын салу, Рабат ауылдық клубына көгілдір отын қосу, жанар-жағар майды нағыз маусым кезінде толыққанды алу, көшелерді жарықтандыру мен жолдарын жөндеу, үй іргелік жер тәрізді өзекті мәселелерді көтерді. Рабат елмекеніндегі Болашақ көшесінде жарық нашар, жолы мүлдем жөндеу көрмеген, көгілдір отын жоқ болса, Атбұлақ елмекенінде жастар орналасқан жаңа қоныста осы жағдай. Тіпті, ауыз судың да тапшы екендігі айтылды.
Шанақ ауылдық округінде өткен жиында ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Балапанов, еңбек ардагері О.Әкімбаев, зейнеткерлер Үшкемпір Алтаев, Салықбай Төрешов және Бексұлтан Исмаилов секілді азаматтар сөзге шықты. Бұл арада да көшелерді жарықтандыру мен жолдарын жөндеу мәселесімен бірге дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйін салу сияқты ауқымды мәселелер қозғалды. Шанақ стансасында ауыз су мәселесі шешілмеген және апатты жағдайдағы бастауыш мектеп жабылып қалған. Ендігі жерде балалар сонау Ескі Шанақтағы Т.Тоқтаров атындағы мектепке қатынап оқиды.
Аудан басшысы Т.Телғараев: «Көшелерді жөндеу мен жарықтандыру мәселесі кезек-кезегімен шешіледі. Бұрын үй іргелік жер беріліп, соңынан инфрақұрылым жүргізіліп келген. Ендігі жерде олай емес, бірінші кезекте инфрақұрылымды жүргізіп, сонан соң ғана үй іргелік жер беріледі», – деді.
Барлық көтерілген мәселелерге нақты жауап берілді. Алдағы уақытта барлығы да жүзеге асатыны айтылды. Қос ауылдық округінде де есеп беру жиынында «қанағаттанарлық» деген баға берілді.
Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.