Әнші Гауһар Әлімбекова түрмеден шықты

1501
Өнер жұлдызы сот үкімімен алаяқтық жасады деп танылып, алты жылға сотталған болатын
Бүгін әнші Гауһар Әлімбекова қолхатпен босатылып, үйіне оралды. Бұл туралы журналист Бибігүл Дәулетбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Құтты болсын! «Бір қуаныш, бір үміт» деген осы… Әзірге әнші үйқамақта. Сот шешімі шыққанша қолxатпен босатылды», — деп жазды Дәулетбек.
Еске сала кетсек, 30 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы аудандық соты өнер жұлдызын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Әншімен қоса сот алдында 2016 жылы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған Феруза Ордабаева да жауап берді.
Анықталғандай, айыпталушылар танысына ірі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып беруді уәде етіп, ақшаны қайтармай қойған.
Феруза Ордабаева 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол бұған дейін де сотталғаны, жазасының бір бөлігін әлі өтемегені белгілі болды.
Жуырда Гауһар Әлімбекова өзінің амандығын білдіріп, түрмеден хат жолдаған еді. Әнші хатында өзін сотқа берген жәбірленуші Бақыт Назароваға жамандық тілемейтінін, Алла разылығы үшін кешіргенін жазған болатын.