Туған күніне қонақ шақырғаны үшін әншіге 500 доллар айыппұл салынды

1487
Душанбе қаласының соты танымал тәжік әншісі Феруза Хафизованы туған күніне достарын шақырғаны үшін бес мың сомони (500 доллардан аса) төлеуге міндеттеді. Бұл туралы centralasian.org сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Бұл ақпарат мемлекеттік телеарна арқылы хабарланған. Мерекелік шараның видеосы интернетте жарияланып, телеарнадан көрсетілген.
Тәжістанның дәстүр мен мерекелік шараларды реттеу туралы заңның сегізінші бабында туған күнді тек отбасымен тойлауға рұқсат етіледі. Достар мен әншілерді шақыруға, сондай-ақ мал союға тыйым салынады.
Бұл заң 2007 жылы қабылданған. Президент Эмомали Рахмон неке тойы мен жерлеу рәсімін салтанатты етіп өткізу отбасылар үшін үлкен ауыртпалық әкелетінін мәлімдеген.
Мерекелік шараларды дүркіретіп өткізуге рұқсат етілмейді. Тойға 150-ден көп адам шақыруға болмайды және шараның ұзақтығы үш сағаттан аспауы керек. Сонымен қатар кешкі алтыдан кейін тойлауға болмайды.
Мерекелік шара тым қымбатқа түссе, үш мың доллар айыппұл төлеуге тура келеді. Мұндағы мемлекеттік қызметкердің жалақысы 150 доллар көлемінде.