«ӘДЕБИЕТ ПЕН ТАРИХ ТЕЛҚОҢЫРЫ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

2831
«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК кітапханасында  тарихшы, жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеушісі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мемлекет сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің туған күніне орай «Әдебиет пен тарих телқоңыры» атты кітап және фото көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ardak.kz.

Көрмеде Мұхтар Мағауиннің кітап, баспасөз беттерінде жарық көрген шығармалары мен суреттері қойылып, таныстырылды.
-«Мұхтар Мұқанұлы — өзі филолог болса да тарихтың төл келбетін ашуға барын салып, әдебиет әлемінде айрықша орны бар тұлға. Ол тарихтың тарланы, әдебиеттің үздік өкілі. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясының өзі мәні мен маңызы терең туынды. Бүгінгі көрменің де ерекшелігі жазушы мен оқырман арасын жақындастыру, кесенеде жерленген батырлар тарихына қалам тербеген қасиетті қара сөз зергерін насихаттауға  үлес қосуға арналған бірден бір жол болып табылатыны сөзсіз»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас редакторы Әбдікерім Манапов.
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған.
Мұхтар Мұқанұлы баспасөз саласында алғаш рет 1959 жылы көрінген.1960 жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойып, шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде де  басылған.
Оның «Қобыз сарыны» атты XV–XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жырауларына арналған монографиясы,  «Көк мұнар» романы, «Бір атаның балалары» атты повестер мен әңгімелері, «Аласапыран» тарихи романы сияқты көптеген туындылары оқырманның көзайымына айналса,  жазушы  «Шыңғыс хан және оның заманы» деректі  тарихи  хикаясын жазу үстінде.
Көрме бір айға ұласады.
Дереккөз:»Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі