Қазақстанда футбол клубтарына мемлекеттен қанша қаржы бөлінеді?

1575
Отандық футбол клубтарының басым көпшілігі («Қайраттан» басқасы») мемлекеттің қаржысымен қамтамасыз етіліп отыр. Жыл сайын мемлекет қазынасынан футбол клубтарының шығынын жабу үшін 30 миллиард теңге бөлінеді екен.
Соңғы 5 жыл қатарынан ел чемпионы атанған «Астана» клубының бюджеті былтырғы маусымда 31 миллион долларды құрапты. Бұл қазіргі курспен 11,1 миллиард теңгеден асады.Оның алдындағы маусымдарда былай болған:2017/18 – 31 миллион доллар, 2016/17 –  29 миллион доллар, 2015/16 –  22 миллион доллар.
«Астана» футбол клубын негізінен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаржыландырады. Сондай-ақ қалалық әкімдік тарапынан қаржылай қолдау жеткілікті.
Қазіргі кезде Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың бюджетінің орташа сомасы 3,1 млрд теңге. Егер, «Астана» мен «Қайратты» қоспаса, 1,8 млрд теңге көлемінде.
Енді, биылғы жылы «Ордабасы» клубының бюджеті рекордтық сомаға жетеді деп күтілуде. Республикалық маңызы бар қала статусын алған Шымкенттің намысын қорғайтын клуб үшін әкім ештеңені аямайтын секілді. Зың қаланың әкімі Ғабидулла ӘБДІРАХЫМОВ клубқа 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлуі мүмкін. Сөйтіп, «Ордабасы» Қазақстан премьер-лигасындағы бай клубтардың біріне айналып шығуы ықтимал.
Одан бөлек, Ғабидулла Әбдірахымов Астана қаласындағы Орталық коммуникация қызметінің алаңында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкенттің Қажымұқан атындағы Орталық стадионы қайта жөндеуден өтетінін мәлімдеген еді.
Еурокубок ойындар кезінде басты талаптардың бірі стадионға қойылады. «Ордабасы» клубында көбінесе, осы жағынан проблема бар. Бір кездері стадионда жарық болмай қиналды. Әкім соның бәрін ретейміз деп отыр.
«Біз қазір Еуропа лигасына дайындалып жатырмыз. 2020 жылы УЕФА-ның талабына сай келетіндей етіп, стадионның  қайта жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Еуропа лигасына өткендіктен кәрі құрлықтың командалары Шымкентке келеді. Дегенмен, мен ол жерде футболмен шектелгенді құп көрмедім. Сондықтан бокс, жекпе-жек, ММА өткізе алатындай арена жасамақшымыз. Себебі бізде оңтүстікте мұны қатты жақсы көреді және бұл сұранысқа ие», — дейді Шымкент қаласының әкімі.
Оның айтуынша, Шымкенттегі стадионды қайта жаңартуға 44 млн. еуро инвестиция салынған.
Былтыр араға 8 жыл салып, жүлдеге іліккен Қостанайдың «Тобыл» клубының жетістігін де қаржылық мүмкіндігінің жоғары болуымен байланыстыратындар жетерлік. Алайда, «Тобыл» клубының директоры Николай ПАНИН бұл пікірмен келіспейді.
«Осы жылы «Тобыл» ашық саясат ұстанамыз деп отырмыз. Яғни бюджет туралы ешқандай ақпарат жасырын болмайды. Биылғы жаңа маусымға клубқа 3 млрд. теңге бөлінеді. Бұл жерде «Тобыл» футбол клубы – тек қана ондаған футболшы және бапкерлік құраммен шектелмейді. Бізде екінші лигада өнер көрсететін қосалқы құрам, футбол орталықтары бар. Соңғысында жүздеген бала доп тебеді. Оған қоса, осы жылы қыздар тобына іріктеу жинап жатырмыз, – дейді Николай Панин.
Жақында «Тобылдың» Ресейдің «Тамбов» клубынан африкалық шабуылшыны 500 мың еуроға сатып алғаны әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Бірақ клуб басшысы оны жоққа шығарып отыр.
«Біз қазіргі кезде Ресейдің «Тамбов» футбол клубымен келісімшартты жоспарлап отырмыз. Бірақ мұнда да журналистер асығыстық танытқан. Сенин Себаиды «Тобыл» 500 мың еуро сатып алғаны шындыққа жанаспайды. Біз бұл футболшыға 50 мың доллар ғана төлейміз», – дейді ол .
UEFA өткен жылдардың есебін жариялап отырады. Жақында  2016 жылғы қаржылық есебін жариялады. Онда Қазақстан премьер-лигасы футболшыларға жалақы төлеуден 17-орынға орналасқаны белгілі болды.
Қазақстан премьер-лигасындағы клубтар 2016 жылы футболшыларға 63 миллион еуро жалақы төлеген. Орта есеппен әр клуб 5,3 миллион еуро төлепті. ҚПЛ клубтары жалпы табыстарының 60 пайызын футболшылардың жалақысына жұмсаған. Естеріңізге сала кетейік, былтыр 13-орында болғанбыз.
2015 жылғы қаржылық есептемесімен салыстарғанда, Қазақстан премьер-лигасында футболшылардың жалақысының орта көрсеткіші (мөлшері) 3%-ға төмендеген. Бұған елдегі қаржылық дағдарыс әсер етіп жатса керек. Өйткені, біздің командаларды негізінен жергілікті әкімдіктер қаржыландырып отыр.
Еуропада бізден басқа Уэльс (14%), Ресей (3%), Македония (3%) және Грузия (1%) елдерінде де бұл көрсеткіш түсіп кеткен.   Жалпы, Еуропада футболшыларға жалақы төлеуден былтырғыдай Англия көш бастап тұр (орта есеппен 153,9 миллион). Ал соңғы орында – Сан-Марино (0,1 миллион).
Фото: footboom.kz