Жансейіт Түймебаев: Жергілікті әкімдердің жұмысы балалардың жағдайымен бағаланады

1536
Аудан-қала әкімдерінің жұмысы енді жергілікті балалардың жағдайына қарай бағаланады. Бағалау шкаласы бала мен жасөспірімдер мәселелерінің қаншалықты шешімін табуына байланысты болмақ. Мұндай шешімді аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев халық алдында есеп беру жиыны кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір басшысының сөзінше, балаларға қатысты облыста тіркелген заңбұзушылық оқиғалар алаңдатушылық тудырған.
  «Балаларға қорғау емес, қолдау керек. Ал дәл қазір біз оларды қорғауға мәжбүрміз. Оларға қолдау көрсетуі тиіс ересектерден қорғауға мәжбүрміз. Биыл өңірімізде бала құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, осы мақсатта «Бала құқығы — менің құқығым» атты бастаманы бүкіл облыс көлемінде қолға алмақпыз. Бұл бастаманы мектеп, ата-ана, қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау органдары, зиялы қауым, қоғам белсенділері мен бизнес және БАҚ өкілдерін тарта отырып жүзеге асыратын боламыз. Бастаманың басты мақсаты — мектеп жасындағы балалардың мәселелеріне қоғам назарын аудару және бала құқықтарының бұзылуына төзбеушілікті қалыптастыру болмақ»,- деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Жансейіт Түймебаевтың сөзінше биылдан бастап аудан әкімдерінің жұмысын бағалауда  бала өлімі, бала-бақшамен қамтылған бала саны, үш ауысымдағы мектептер, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс көрсеткіші, спорт үйірмелеріне қатысатын бала үлесі ескеріледі.
«Бұл аудан әкімдері өздеріне сеніп тапсырылған аймақта қаншалықты деңгейде балалардың құқықтары тапталмай, жан-жақты дамуына жағдай жасай алуда деген сұраққа сандық көрсеткішпен жауап береді. Сондай-ақ, бала тәрбиесінде ата-ана рөлінің маңызын мен айтпасам да, жақсы білесіздер. Арнайы зерттеулерге сүйенсек, соңғы жылдары өңірімізде, өкінішіке қарай, өз балаларына дұрыс тәрбие бере алмайтын, ата-аналық рөлін толық атқаруға дәрменсіз отбасылар саны өсімі байқалған. Мәселен, 2015 жылы қолайсыз отбасы саны бүкіл облыс бойынша 9 ғана болса, 2017 жылы олардың саны үш есеге артып, 25-ке жеткен. Зерттеуде ойландыратын тағы бір мәлімет бар. Облысымыздағы бүкіл ата-ананың жартысын ғана баласының интернетті не іздеп, не оқып, не қарайтыны қызықтырады екен. Бұл балалардың сауалнамаға арқылы берген жауабы»,- деді Жансейіт Түймебаев.