Шетелдік дәрігерлер науқастарға жасанды буын қойып, аяққа тұрғызуда — Түркістан

1070
Шетелдік дәрігерлер Түркістан облысында жасы келген науқастарға жасанды буын қойып, аяққа тұрғызуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арнайы шақыртуымен келген Германия мен Ресей дәрігерлері тізе буынын ішкі протездеу оталарын жасауда,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Профессор Шнетлер Рейнер (Германия) мен Мәскеу қаласынан келген профессор Денис Римашевский Облыстық клиникалық ауруханасында жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Алғашқы болып түркістандық мамандар неміс әріптестерімен салмағы 120 келі әйелдің тізе буынындағы жарамсыз шеміршегін тазалап, орнына жасанды буын қойып берді. Ал, буын алмастыру отасы бес сағатқа жалғасқан. Мамандардың айтуынша, пышаққа түскен әйелдің буын ауруы семіздіктен пайда болған. Соның салдарынан аяққа ауырлық түсіп, бес жылдан бері қимыл қозғалысы шектелген науқас жасанды буынның арқасында тік жүретін болды. Осы сынды дертке шалдыққан бірнеше науқасқа «Страйкер» фирмасының жасанды испланты қойылды. Дәрігерлер тізе буынындағы жарамсыз шеміршектерді тазалап, орнына жасанды буын қойды.
«Артық салмақ әртүрлі қосымша аурулардың қозуына себеп болуда. Бүгінде семіздік дерті эпидемияға айналып барады. Мен қанша жерден білікті маман болсам да артық салмағы бар азаматтарға операция жасағанда қиналамын. Өйткені бұл операция кезінде барлық элементтерді тура 100 пайыз дұрыс орындап шығу маңызды. Сондықтан бұл қиындықты дер кезінде шешкен дұрыс дер едім»,- дейді Мәскеу қаласындағы РХДУ дәрігері Денис Ремашевский.
Айта кетейік, бұл Германия және Ресей дәрігерлерінің өңірге алғашқы сапары емес. Мамандар бұған дейін клиникалық аурухана базасында буын алмастыру отасын жасаған болатын. Отаның мұндай ауыр түрін жергілікті дәрігерлер де жүргізеді. Аурухана базасында жыл сайын 100-ден аса буын алмастыру отасы жасалады.