Түркістан облысында құны 42 млрд теңге болатын жылыжай іске қосылады

83

Түркістан облысының Келес ауданында 51 гектар аумақта жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өндіруге арналған «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба өңірдің агроөнеркәсіптік дамуы мен Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда зор рөл атқарады.

Жобаның инвестициялық көлемі 42 млрд теңге. Қазіргі уақытта 40 гектарда жылыжай блоктарының металл құрылымдары орнатылып, ішкі және сыртқы желілер жүргізілді, қазандық және қосалқы отын қоймасы салынды. Сегіз жылыжай блогының төртеуі іске қосылды. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешен және қоймалар құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жобаны толық іске қосқаннан кейін 800 жаңа жұмыс орны ашылады, кешен заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі, ал жылыжайлардың аумағы кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтылады. Кешенді 2027 жылы көктемде іске қосу жоспарланған.

2025 жылы Түркістан облысындағы жылыжайлардың жалпы ауданы 75 гектарға артып, 1715 гектарды құрады. Осы жылы 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді.